Жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Сонымен қатар қолданыстағы Салық кодексіне әлеуметтік осал санаттарға жататын, тұрғын үй жағдайларын жақсарту, емделу ақысын төлеу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдаланған бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) алушылары мен салымшыларының мүдделерін қорғайтын өзгеріс енгізілді.

Әлеуметтік осал топ­тарға жата­тын тұлғалар біржол­ғы зейнетақы төлемдері түрінде салық салынатын табысқа стандартты салық ше­герімдерін қолдануға құ­қылы. Олардың көпшілігі тұрғын үйге, емделуге БЗТ алған кезде жеке табыс салығын (ЖТС) бірден төлеген. Сонымен қатар 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мұндай тұлғалардың БЗТ түріндегі салық салынатын табысына стандартты салық шегерімдері (882 ай­лық есептік көрсеткіш шегін­де) қолданылады. Бұл осы санатқа жататын алушылар БЗТ алған күннен бастап үш жыл ішінде ЖТС қайта есептеу мен өтеуді қолдану үшін БЖЗҚ-ға тиісті өтінішпен, растайтын құжаттармен жүгіне алатынын білдіреді. Алайда БЗТ-ны 2021–2022 жылдары алған адамдар әртүрлі себептермен бұл мүмкіндікті пайдалана алмады. Енді Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулардың енгі­зілуіне байланысты жеке тұлғалардың осындай өтініш­теріне белгіленген талап қою мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайтылды.

ЖТС қайтаруға құқығы бар жеке тұлғалардың тізбе­сі қолданыстағы Салық ко­дексінде айқындалған. Бұл бірінші, екінші немесе үшінші топтағы мүгедектер, мүгедек балалардың ата-аналарының немесе қам­қор­шыларының бірі, бала асырап алушылардың бірі, жетім балалардың асырап алушы ата-аналары, соғыс ардагерлері, басқа санаттар. Мұндай аза­мат­тардың толық тізбесі Салық кодексінің 346-бабында көрсетілген.

БЗТ бойынша салық салынатын табысты айқындау кезінде стандартты салық шегерімдері қолданылма­ған зейнетақы төлемдерін алушылар, оларды қолдану құ­қығы болған жағдайда, кіріс­терді қайта есептеу, ЖТС өтеу үшін стандартты салық шегерімдерін қолда­нуға өтінішпен, растайтын құ­жаттармен БЖЗҚ-ның жақын жердегі филиалына шұғыл түрде жүгінуі қажет.

Стандартты салық шегері­мі қолданылғаннан кейін, бұған дейін ЖТС ұсталған болса, ол алушының жеке зей­нетақы шотына қайтарылады. Егер ЖТС төлеу кейінге қал­ды­рылған болса, онда ай сайынғы зейнетақы төлем­дерін алған кезде оны төлеуге қатысты міндеттеме алынып тасталады.

Аталған өзгеріс 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін (қоса алғанда) қолданыста болады, себебі 2026 жылғы 1 қаң­тардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді.