15 желтоқсан «Түркі тілдері отбасының дүниежүзілік күні» деп жарияланды. Бұл шешім ЮНЕСКО-ның Самарқанда өткен 43-ші бас конференциясында қабылданды. Басқосуда сөз алған Түркияның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Гүлнур Айбет бастаманы Түркия мен өзге түркі мемлекеттері бірлесіп әзірлегенін атап өтті.
Оның айтуынша 200 млн-нан астам адам сөйлейтін түркі тілдері ортақ тарих пен құндылықтарды дәріптейтін мұра. Айта кетейік, атаулы дата Орхон жазбалары алғаш ғылыми айналымға енген күнмен тұспа-тұс келеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл шешім түркі әлемінің рухани бірлігін арттырып, жас ұрпаққа ана тілінің қадірін ұғындыруға жол ашады.