Кеше ғана ел Президенті "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңына қол қойды.

Осы жылдан бастап еліміздің барлық өңірінде 2025-2029 жылдарға жоспарланған "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы да жүзеге асырыла бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты kaz.inform-ға сілтеме жасап.

Бұл еліміздің тәуелсіздік тарихындағы ең ауқымды жоба саналады. Ал жоғарыда айтқан заң Жер, Кәсіпкерлік, Азаматтық процестік, Әлеуметтік және Су кодекстеріне, сондай-ақ 23 заңға түзетулер енгізіп отыр. Түзетулердің бірінші блогы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Шыны керек, бүгінде еліміздегі әр саладағы желілердің тозу деңгейі көңілді түсіреді. Бір ғана мысал, электрмен жабдықтау желілерінің орташа тозуы – 76%, ал электр станцияларының негізгі жабдықтарының тозуы 56,8% болып тұр. Сондай-ақ станциялардың үштен бірінің 70-90%-ы тозған.

Ең жоғары тозу көрсеткіші ЖЭО-лар мен МАЭС-терде байқалады. Яғни, 14 электр станциясында тозу көрсеткіші 80%-дан жоғары болса, 21 станцияда – 60-80% арасында. Апаттардың көбі тозуы 80%-дан асқан станцияларда тіркелетіні түсінікті.

Өңірлік электр желілік компанияларда (ӨЭЖК) да жағдай күрделі саналады. 6 компанияда тозу деңгейі – 85-97% (шекті деңгей), тағы 6 компанияда – 65-85%. Бұл апат болу ықтималдығы мен энергиямен қамтуды бұзылу қаупін арттырады.

Сумен жабдықтау инфрақұрылымының орташа тозуы – 40%. Көптеген су құбыры 30 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Кейбір өңірде су құбыры желілері мен нысандарының тозуы 50%-дан асып жығылады.

Қалаларда сумен қамтуға қолжетімділік 98,9%-ды құраса, ауылдарда – 96,6%. Кәріз желілерінің ұзындығы – 17,6 мың шақырым, оның орташа тозуы – 56%.

Елімізде су бұру және кәріз-тазарту жүйелері нысандарының тозуы 50%-дан асады, кейбір нысанда бұл көрсеткіш 70-80%-дан да жоғары. Соның салдарынан ескі тазарту нысандарына үлкен жүктеме түседі, бұл әсіресе халқы тығыз және өнеркәсібі дамыған аймақтарда санитарлық нормалардың бұзылуына және экологиялық жағдайдың нашарлауына бастайды.

– Саладағы жағдайларды түзеу мақсатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет "Энергетикалық және коммуналдық секторлардың жаңғырту" (ЭКСЖ) ұлттық жобасын қабылдады. Жобаның мақсаты – энергетикалық және коммуналдық секторлардың қолданыстағы активтерін жаңарту, соның ішінде кемінде 200 табиғи монополия субъектісі мен 30 жылу электр орталығын жаңғырту. Осылайша, апаттық деңгейін 20%-ға төмендету, ал активтердің тозуын ел бойынша орташа есеппен 40%-ға дейін қысқарту жоспарланып отыр, – деп жазады kaz.inform тілшісі.

Жобаны іске асыру үшін кемінде 13 трлн 588 млрд теңге керек:

энергетикалық секторға – 6208 млрд теңге;

коммуналдық секторға – 6778 млрд теңге;

автоматтандыру және құрылғымен жабдықтау секторына – 602 млрд теңге.

2025-2029 жылдар аралығындағы субсидия көлемі – 1480 млрд теңге.

Негізінен, Қазақстанда инженерлік және коммуналдық инфрақұрылым нысандары (жылумен қамту, сумен жабдықтау, кәріз, электр желілері) тозу деңгейі мен апат туындау қаупіне қарай үш топқа бөлінеді. Олар – қызыл, сары және жасыл. Десе де, бұлай жіктеу ылғи да жағдайды нақты бейнелей алмайды.

Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасыны сәйкес, жобаны жүзеге асыруға Ведомствоаралық сараптама комиссиясы (ЭКСЖ) белсенді түрде іске кірісті. Бұл енді жай ғана үйлестіруші орган емес – бұл төтенше жағдайға араласу механизмі. Комиссия сәтсіздіктерді анықтау, баға беру, менеджерлерді өзгерту және қатаң шараларды ұсыну өкілеттігіне жауапты болады. ЭКСЖ жай ақпаратпен емес, нақты объектілер бойынша қызметін атқарады.

"Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы – еліміздің инфрақұрылым саласында қордаланып қалған мәселелерді шешу бастамасы. Бұл жай ғана "желілерді жаңарту" жұмысы емес – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бұл азаматтардың мемлекетке деген сенімі және экономикалық дамудың негізі болмақ.