Биылғы 9 айдың көрсеткіші 2024 жылғы 9 айдың көрсеткішінен 2,2 млн тонна көп.
Қазақстан 9 айда экспорттаған мұнай көлемі былтырғы 9 аймен салыстырғанда 2,2 млн тоннаға артқанмен, түскен ақша 3,1 млрд долларға кеміген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми мәліметі бойынша, Қазақстан 2025 жылдың 9 айында 29 млрд 696 млн 184,9 мың долларға 56 млн 40,3 мың тонна шикі мұнай экспорттаған. Оның 7,4 млн тоннасы қыркүйек айына тиесілі.
Биылғы 9 айдың көрсеткіші 2024 жылғы 9 айдың көрсеткішінен 2,2 млн тонна көп екенін де айта кету керек. Бірақ былтыр сатқан мұнайдың көлемі аз болғанымен түскен ақша биылғыдан көп болған.
Нақты айтсақ, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында 32 млрд 829 млн 748,06 мың долларға 53 млн 811,9 мың тонна мұнай экспортталған болатын.
Биыл экспортталған 56 млн тонна шикі мұнайдың 1,4 млн тоннасы Германияға, 3,7 млн Грекияға, 2 млн Испанияға, 22 млн Италияға, 2,7 млн Қытайға, 7,7 млн Нидерландыға, 3,8 млн Румынияға, 1,1 млн Сингапурге, 2 млн Түркияға, 3,7 млн Францияға, 1,4 млн Швейцарияға жөнелтілген. Соның ішінде Германияға жөнелтілген шикі мұнай көлемі былтырғы 9 айдың көрсеткішімен салыстырғанда 221,4 мың тонна, Испанияға 698,2 мың тонна, Қытайға 226,3 мың тонна, Нидерландыға 2,2 млн тонна, Румынияға 798,8 мың тонна, Түркияға 583,4 мың тонна артқан.
Ал Грекия (-122,1 мың тонна), Италия (-965,4 мың тонна), Сингапур (-199,6 мың тонна), Франция (-354,5 мың тонна), Швейцария (-137,2 мың тонна) Қазақстан мұнайы импортын былтырғы 9 айға қарағанда біршама кеміткен.