Нартай Сәрсенғалиевтің сөзінше, осы күні банктер несие алдырту үшін халыққа қайта-қайта қоңырау шалуда.

Бұл туралы депутат бүгінгі өткен Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Халық қалаулысының пікірінше, елдегі банктер бизнес пен жаңа жобаларды қолдауды ысырып қойған. Оның орнына қарапайым халыққа еселеп жоғары пайызбен несие беруді және соны еселеп қайтарып алуды ғана ойлап отыр.

– Бұл ретте ресми деректерге тоқталсақ, 2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 8,5 млн қазақстандықтың кредит берешегі бар. Оның жалпы сомасы – 23 трлн теңге, яғни республикалық жылдық бюджетке жетіп қалатын қаражат. Оның ішінде 14 трлн теңге кепілсіз тұтыну несиесіне тиесілі. Өздеріңіз білесіздер, банктер мұнымен тоқтамады. Олар кредит беру кезінде қосымша сақтандыру енгізеді, осымен халықтың қарызы одан сайын көбейеді. Өз еркімен несие алудан бас тартқан адамдарға қоңырау шалу мен SMS-хабарлама жіберу арқылы тағы да кредит алуды ұсына береді. Осы заңсыздықтарды тоқтату үшін заң жобасында қадағалау принциптерінің жаңа деңгейлері енгізіліп жатыр. Бұл тұрғыда банктердің заңсыз әрекеттері тоқтауы керек, – деп ашынады Н.Сәрсенғалиев.

Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова депутат айтқан жаңа қадағалау тетігі заң жобасында енгізіліп жатыр.

– Бірнеше жылдан бері заңнамаға қаражат алатындардың құқықтарын қорғау мақсатында жаңа өзгерістер енгізілді. Бұл ретте, тұтыну несиелері, алаяқтыққа қарсы түзетулер бар. Енді басқа да жаңа өзгерістер енгізу мүмкіндігін пысықтап, заң жобасында түпкілікті жүйені қарастырдық. Осы жүйеде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың кешенді моделі қамтылады. Бұл тұрғыда банктерде халыққа қызмет көрсету кезінде тәуекелдерді басқару жүйесі құрылады. Атап айтқанда, банктерде халықтың құқығын қорғау бойынша ерекше бөлімдер ашылады, – деп қоса кетті агенттік басшысы.