Бүгін футболдан чемпиондар лигасы аясында «Қайрат» ойыншылары тұңғыш рет 80 мың жанкүйердің алдында «Интерге» қарсы ойнайды. Ең қызығы, Италиядағы матч билеттері жеті мың теңгеден сатылған. Тарихи Сан-Сиро стадионындағы ойын қалай өрбуі мүмкін?
Алматылық «Қайрат» әйгілі «Милан» үшін Сан-Сиро, «Интер» үшін Джузуппе Меацца аталып кеткен бір ғасырлық тарихы бар стадионда өнер көрсетеді. Матчты бір мезетте 80 мыңнан астам адам тамашалайды. Бұл алматылық ұжым үшін бұрын соңды болмаған көрсеткіш.
Жандос Айтбайұлы, спорт сарапшысы:
- «Интер» енді Еуропадағы азуы алты қарыс командалардың бірі. Былтыр ЧЛ финалына дейін жеткенін білеміз. Қазір Интер көбіне шабуылға көңіл бөліп жүр. Әр ойынды қарасақ Италия біріншілігінде қарсыластар қақпасына екі голдан кем соқпайды. Сондықтан осы жолы да олар барынша осал командаларға ұпай ұстатуды жөн көрмейді. Дебютант командалардан аянып қалмасы түсінікті.
«Интер» үш турдың қорытындысы бойынша, тоғыз ұпаймен 4 орында келе жатыр. Әзірге бірде бір жеңіліс жоқ. Ал «Қайрат» бір ұпаймен 36 команданың арасында 34-ші сатыға жайғасқан. Көш басында «Бавария «, «ПСЖ», «Арсенал» cекілді алпауыттар тұр.
Джузеппе Маротта, «Интер» ФК президенті:
- «Қайрат» қағаз жүзінде қолайлы қарсылас. Алайда іс жүзінде чемпиондар лигасындағы әр ойын ауыр. Бұл олардың өміріндегі ең маңызды матчтардың бірі. Біз мұны түсініп, жинақы ойнауымыз керек. Басты мақсат сенімді түрде жеңіске жетіп, турнирде көп ұпай жинау. Бұл лига кестесіндегі жағдайымызды нығайтып, алдағы қиын ойындарға сенімді түрде дайындалуға мүмкіндік береді.
Италиялық клуб «Қайраттан» 55 есе қымбат. «Интердің» трансфермаркеттегі жалпы құны 693,8 млн еуро деп бағаланса, алматылық команда 12,73 млн еуро деп көрсетілген. Уефа рейтингінде Интер 3-ші, Қайрат 148-орында тұр. Алаң қожайындары еурокубоктық турнирлерде алты мәрте жеңіске жеткен. Яғни үш рет чемпиондар лигасын, тағы үш рет Еуропа лигасын ұтқан.
Жандос Айтбайұлы, спорт сарапшысы:
- Бұл да бір тарихи кездесу деп айтсақ болады. Бұрын қазақстандық командалар Сан-Сирода доп теппеген. Ұл Қайрат футболшылары үшін үлкен тарих. Шыққаннан кейін ойнау керек, жеңіске жетуге тырысу керек. Қайраттың ең басты мақсаты орындалды. Қазақстан чемпионы болды. Қазір алаңдайтын ештеңе жоқ. Тек тыңғылықты чемпиондар лигасына ғана дайындалады.
Алматылықтар қазір ойын алдындағы соңғы оқу-жаттығуларын өткізіп жатыр. Матч астана уақытымен түнгі 01:00-де басталады.
Авторлары: Мерей Қанапия, Мұрат Әріпхан