Ақтөбеде алаяқтардың сөзіне сенген зейнеткер пәтерінен, әшекейлерінен және жинақ қаражатынан айырылды , деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Белгісіз адам әйелге WhatsApp мобильдік қосымшасы арқылы қоңырау шалып, өзін "Қазпошта" АҚ-ның курьерімін деп таныстырған. Ол зейнеткердің атына сәлемдеме келгенін айтып, оны растау үшін телефонға келген СМС-кодты айтып жіберуді сұраған.

Одан кейін әйелге өзін Әділет министрлігінің және Қазақстан Ұлттық банкінің қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар хабарласқан.

Олар зейнеткердің банктік шоттарына алаяқтар шабуыл жасап жатыр деп сендіріп, қаржысын қорғау үшін олардың "нұсқаулығына" сай әрекет етуді талап еткен.

"Алаяқтардың сөзіне сенген зейнеткер пәтерін сатып, жинаған ақшасын шешіп алып, алтын әшекейлерін ломбардқа өткізіп, алынған қаржыны – 11 миллион теңгеден астам соманы – алаяқтар көрсеткен есепшоттарға аударған", – деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.

Полиция азаматтарды қырағы болуға және өздерінің жасы үлкен туыстарын телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың түрлері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырады.