Панфилов ауданының 29 жастағы тұрғыны заңды бірнеше рет өрескел бұзып , одан сабақ алмаған.

Жүргізуші бұған дейін бірнеше рет жазаға тартылса да, ол тағы да мас күйінде көлік жүргізіп, өзгелердің өміріне қауіп төндірген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

2025 жылдың қазан айында Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық автомагистралінің шығыс бағытында КамАЗ жүк көлігін басқарған жүргізуші алдындағы VOLVO FH көлікпен соқтығысып, жол-көлік оқиғасын тудырған. Адам шығыны тіркелген жоқ, алайда екі көлік те айтарлықтай зақымданған.

Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер көлікті арнайы тұраққа қойып, жүргізушіні ұстады. Тексеру барысында оның мас болғаны және бұрыннан көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды.

Тергеу кезінде күдікті өз кінәсін мойындады. Ол 15 қазан күні сағат 22:00 шамасында Ынтымақ ауылындағы үйінде 6 бөтелке сыра ішкенін, жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан Қытайға қарай жолға шыққанын айтқан.

Бұл азаматтың заңды елемеуі алғаш рет емес. 2021 жылы ол мас күйінде көлік жүргізгені үшін 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылған. 2022 жылы қайта ұсталып, сот шешімімен 2 жыл 6 ай мерзімге бостандығы шектеліп, 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылған.

Қазіргі таңда күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша (Жүргізу құқығынан айырылған адамның мас күйінде көлік басқаруы) қылмыстық іс қозғалды.

Бұл бапқа сәйкес бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.