Осыдан бірер жыл бұрын Нұрман көкем қалаға көшіп келді. Қуанысып қалдық. Қоныстой жақсы өтті. Барыс-келіс көбейді. Ауылдағы у-шуға үйреніп қалған көкем қаладағы өлі тыныштыққа көндіге алмайды. Ауылда ғой, таңертең малын өргізе жүріп, өзі қатарластарымен әжік-күжік әңгіме шертіп жадырап қалатын ол қаланың тас қамалына үйренісе алмай жүрді.

– Ауылда-ақ отыра беретін жан едік. Балалар қойды ма? Осын­да күштеп әкелгендей болды. Оты­рысымыз мынау енді, тас қамалда кемпіріміз екеуміз түрмеде отырғандаймыз, – деп шағымданды бір барғанымда көкем.

– Әлі-ақ үйренісіп кетесіздер. Жасыңыз болса Пайғамбар жасынан баяғыда асты. Қарт адам­ға ауру-сырқат үйірсек келеді. Осын­дайда ауруханаға апарып көрсете қоятын балаларыңыз жаныңызда, – деп жұбатқан болдым көкемді.

– Сол ауруханаң ауылда да бар. Бүркіт інім шаншулансам бол­ды жетіп келіп, ем-домын жа­сап кететін. Мына жерде өл­дім десең аузыңа су тамызатын­ адам­ көрмедім, – деп кейіді көкем.

Міне, сол көкем «Жетпіс бес жасқа толдым, талай жақсы адам­дардың дәмін татып едім, соларға бір шай берейін. Той жасаймын» деп мені шақырып отыр. Аға шақырған соң іні баруға тиіс.

– Иә, көке! Мерей жасыңыз құтты болсын! Той жасаймын дегеніңіз орынды. Бізден қандай қызмет? – деп елп ете қалдым.

Нұрман көкем тыжырынды. Сақалын сауып ұзақ отырды. «Неге тұнжырап қалды?» деп мен отырмын. Бір кезде көкем басын көтерді.

– Осы тойды басқаратын тамада деген бар ғой. «Мұнда соның өзі таптырмайды. Таптыра қалса, әкесінің құнын сұрайды» дейді ғой. Сол рас па?

– Рас.

– Біздің балалар солардың біріне айтып, қаржысының жар­тысын төлеп қойдық дейді. Ен­дігісі реттеле жатар. Сені ша­қырғаным, той қарсаңында үйін­де қызықшылық бола­йын деп жатқан үй сияқты аға­йын-туыстарды жинап, әңгіме-дүкен құрып отыру ғана. Әйт­пе­се, тымырайып отырғанның несі қызық? Сіз бен біз атқаратын жұ­мыс қалмапты ғой, – деп кө­кем бір қойды.

Менен кейін біраз ағайын-туыс жиналды. Келіндер қазан көтеріп, біраз думандаттық. Түннің бір уағына дейін карта ойнағандар да болды. Таң азанда қайтар кезімізде де көкеміз «келіп тұрсаңдаршы» деп көзіне жас алып қалды.

«Көкем неге қамықты?» деп тағы­ да ойладым. Сөйтсем, жарық­тық ауылды аңсап жүр екен ғой.

Иә, кеше еді ғой, кеше. Бі­реудің үйінде қызықшылық­тың иісі шықса-ақ ауыл болып тайлы-тұяғымызбен жиналып, сол шаңырақтан табылатын едік. Келіндер қамыр ашытып, жер ошақта бұрқыратып ба­уырсақ пісіріп жататын. Қора маңында сирағынан іліп қойып қой сойып жатқандардың өз қызықтары өздеріне жететін. Жігіттер отын жарып, су тасып, бір тобы қонақтар отыратын үстел жасап жатады. Келіндер үй жағалап, сықырлауық арбамен той өтетін алаңды қоршап қою­ үшін кілем, алаша жинайды. Осы кілемдердің ішіндегі тәуір­леуінің бетіне үйленген жас­тардың аттарын мақтамен жазып қояды. Тағы бір топ сәбіз ар­шуға отырады. Мұның өзі едәуір жұмыс еді. Бір қап сәбізді мер­зімді уақытқа дейін тазалап, турап үлгеру керек. Сәбіз ар­шу­ға келіншектер де қолғабыс етеді. Құрдастар арасындағы, қай­ны мен жеңге арасындағы қал­жың мен әзілдің ордасы да осы жер. Осы думанмен той да дүр­кіреп өте шығады. Ең бас­ты­сы ағайындар бір-бірімен тығыз ара­ласады. Бауырмалдық, бір-біріне деген құрмет артады. Үл­кендердің ақылымен жастар тәр­биенің мәйегімен сусындайды.

Мына даңғайыр, бәрі жетіп-артылатын заманда да ауылдағы осы ынтымақ әлі де күшінде. Жас­тар үйленіп жатады. Қызды тұр­мысқа бересіз. Құда шақыра­сыз. Өмір бар жерде топырақ­ты өлім де бар. Мұндайда ауылда­ғылар тойхана іздеп жатпайды ғой. Барлық іс-шара үйде өтеді. Осындайда мал сою керек пе? Керек. Келушілерге қызмет ететін жі­гіттер керек пе? Керек. Міне, ауыл­дағылардың бірігетін, ынты­мақ деген ізгіліктің айналасына топ­таса түсетін жері осы.

Бүгінде бағамдап отырсам, осы ынтымақ-бірліктен ажы­рап бара жатыр екенбіз. Нұр­ман көкемнің де сағына іздеп отырғаны ағайынның жиналып, шаңырағынан шаттық шуағы шашылып тұруы екен. Қазір біз жиын жасай қалсақ, осылай топтасамыз ба?

Иә, қаладағылар да той жа­сайды. Жасаған­да қандай? Мың адамға дейін ша­­­қы­рып, ша­ма-шарқын бас­қа­лар­ға «үлгі­ ете­тіндер» де жет­­кі­лікті. Бірақ дәл осы шаңырақ­та той­ бола­йын деп жат­қа­нын өз­дерінен басқа ешкім біл­мей­ді. Өйт­кені қа­ла­ның тойха­налары барлық ке­рек-жаб­дық­ты, тамақ­тың түр­лі-түрлісін өздері дайындап береді. Тек теңгесін төлесеңіз болды. Ендеше, «қызмет ет» деп ағайынды үйге жинаудың да қажеті шамалы.

Бірақ, осы жай­лы­­­­­лықтың өзі­ қа­за­қы қасиет­те­рі­­­­міз­ге, бұ­­­­­ры­ннан­ қа­­лып­тас­­қан ­салт-дәс­түр­­ле­рі­міз­­­­ге, әдеп-ғұ­рып­­­­­­та­ры­­­мызға бал­та шауып жат­­қандай көрінеді маған. Мұ­ның үстіне қаладағы тас қор­шау­­­лар, кірпияз адамдар ке­шегі мей­мандостықты, мейір­ман­­дық­ты, ағайынгершілікті, туыс­тық қарым-қатынасты да ұмыт­ты­ра бастаған сияқты. Бұ­ларға қо­сымша «жаңа қазақтар» деген шықты. Ел бай мен кедей болып екіге бөлінді. «Кедей байға, бай Құдай­ға жетсем» деген бәсеке өрши түсті. Ал бұлар қазақы қа­лы­бы­мызды бұзбай тұра ала ма?

Жұмбақтың шешуін тапқан­дай болдым. Нұрман көкемнің көксейтіні осы екен ғой...

Қалай қазақ боламыз, ағайын?

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

жазушы