Бүгін елімізде кассациялық сот қызметін бастады. Бұл туралы толығырақ Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі Ерлан Айтжанов айтып берді.

Ерлан Айтжановтың айтуынша, бос лауазымға үміткерлер әріптестік негізде, заманауи HR-құралын қолдану арқылы конкурс арқылы іріктелді. Бағалау кезінде үміткердің практикалық тәжірибесі, судьялық еңбек өтілі, жұмыс сапасы, қараған істердің күрделілігі, беделі, этиканы сақтауы, сұхбаттасу нәтижесі және Жоғарғы Сот пен судьялар қоғамдастығының қорытындылары ескерілді.

– Одан бөлек, үміткерлерге қатысты қоғам мен заңгерлер қауымдастықтың пікірі, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар да зерттелді, – деді Ерлан Айтжанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің мәліметінше, конкурсқа 334 үміткер құжат тапсырған, олардың ішінен біліктілік талаптарына сай 170 адам іріктеуге жіберілді. Нәтижесінде 75 судья ұсынылды. Олардың ішінде 9 маман облыстық соттарда басшылық қызмет атқарған, 3-еуі – заң ғылымдарының кандидаты, 7-еуі – құқық магистрі.

Айта кетсек, ұсынылған судьялардың басым бөлігі – әйел, яғни 49 адам немесе 65%, ерлер – 26 немесе 35%. Спикердің айтуынша, әйел судьялар үлесі артып келеді.