1 шілдеден бастап Қазақстанда дербес кассациялық соттар іске қосылады, деп хабарлайды 24kz.
Бұл азаматтар үшін сот төрелігінің рөлін кеңейтеді. Ал Жоғарғы сотқа жүктемені азайтады. Бұл жүйе сот практикасын зерттеуге және сот төрелігін жүзеге асыру кезінде нақты заңдылықты сақтауға ден қояды. Осыған орай Жоғарғы сот экономикалық саладағы қылмыстық істерді қарауға қатысты нормативтік қаулыны жетілдіруді жоспарлап отыр. Оған салық төлеуден жалтару, қаржы пирамидасын құру және басқару, сондай-ақ заңсыз кәсіпкерлік сынды заңбұзушылықтар жатады. «Мұндай істердің саны жыл сайын артып келеді»,- дейді мамандар. Осындай істерді қайта қарау кезінде барлық тараптың пікірін ескеру үшін Жоғарғы сотта дөңгелек үстел өтті. Оған судьялар, Республикалық адвокаттар алқасының, Бас прокуратураның, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің, қаржы мониторингі агенттігінің және бизнес қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Назгүл Рахметуллина, ҚР Жоғарғы соты Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:
- Бұл істердің саны жыл сайын көбейіп отыр, өкінішке орай. Мысалы, 2023 жылы 265 іс қаралған, ал 2024 жылы 300-ден астам іс қаралған. Сондықтан осы жоспарланған жұмысты жоғары деңгейде өткізу үшін біз түскен ұсыныстарды талқыладық. Келтірілген зиянның қалай санау керек? Азаматтық іс жүргізу тәртібінде сот шешімі болу керек пе? Қылмыс жасаған адамдар жауапкершілікке тартылу керек. Ал кінәсіз адамдарды соттауға жол берілмеу керек. Осы мақсатта жұмысымызды жоспарлап жасап отырмыз.