Маңғыстаулық Шалғын Өтеғұловқа 60 жас мерейтойына орай 10 қызы пәтер сыйлады. Мұндай тосынсый көпшіліктің көңілінен шығып, халықтың ықыласына бөленді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Жақсыгүл Шалғынқызы таяуда әкелерінің 60 жылдық мерейтойын ерекше әрі есте қаларлықтай етіп тойлағандарын айтады. Отбасындағы 10 қыз бен 1 ұл жұмыла жабылып, тойды жақсы өткізуге тырысқан.
"2021 жылы әкемізге LADA Niva көлігін сыйлаған едік, сол кезде бұл жаңалық әлеуметтік желіге тарап, көпшіліктің назарын аударған. Алайда біз ешқашан "жұлдыз болайық" деген ниетті көздеген емеспіз, бәрін әкеміздің қуанышы үшін жасадық. Өйткені біз – қарапайым ауылдағы отбасыдан шыққан, бір-біріне сүйеу болған он бір перзентпіз. Ата-анамыз да, өздері айтқандай, даңғазалықты емес, қарапайым өмірді қалайды. Перзенттері ақылдаса келе, бұл мерейтойды ерекше есте қаларлықтай етуге бел будық. Бір жыл бойы дайындалып, әрқайсымыз шама-шарқымызша қаражат жинадық", – деді Жақсыгүл Шалғынқызы.
Үйдегі үлкен қыздардың қолы босамай, Ақтаудан үйді іздеуге егіз сіңлілері Әмина мен Әлина атсалысқан екен.
"Бұл үйді ата-анамызға тосынсый ретінде сыйлауды шештік. Бұған дейін қыздар бір бөлмелі үй алып берген еді, онда қазір қыздардың өзі тұрып жатыр. Ата-анамыздың ауылда қарайтын малы бар деген секілді. Сондықтан жастары келгендіктен арасында “қалаға келіп қаралып, демалып кетсін” деп үй сыйладық. Одан бөлек, анамызға алтын білезік тарту еттік", – деді Жақсыгүл Шалғынқызы.
Үйдің үлкені үйге нақты қанша теңгеден жинағандары құпия болып қалсын дейді. Десе де, ата-аналарына арналған тосынсыйды жоғары деңгейде өткізу үшін біраз шығындалғанын мойындады.
"Той кезіндегі ұсақ-түйек сыйлықтар, видеооператор мен мобилографтың қызметі бар. Мұның бәріне 700 мың теңгеден жинадық. Қалған қаражаттың бәрі үйге жұмсалды. Бұл үшін бұрыннан бері асықпай жинақ сандықша ашып, біртіндеп жинап жүргенбіз. Пәтерді осы жылдың сәуір айында сатып алдық, ал кілтін 14 маусымда ата-анамызға салтанатты түрде табыстадық. Екі ай бойы бұл жаңалықты ешкімге айтпай, құпия сақтап келдік. Жастары келген әке-шешеміздің қалада да жайлы өмір сүргенін қалап, пәтердің ішін толықтай жаңадан жасақтадық", – деді үйдің үлкені.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от Stan.kz ақпарат агенттігі (@_stan.kz)