Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы мәлім етті.


Астана қаласының прокуратурасы жаңа туған баланы заңсыз беру фактісі бойынша қылмыстық іс аясында мемлекеттік айыптауды қолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тергеу барысында елорданың 19 жастағы тұрғыны жүктіліктің сегізінші айында жалған суррогат ана болу шартын рәсімдеп, делдалдар арқылы жаңа туған сәбиін ерлі-зайыпты жұпқа ақшалай сыйақы үшін бергені анықталды.

Соттың 2025 жылғы 23 мамырдағы үкімімен қыз және делдалдар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 135-бабы – "Кәмелетке толмағандар саудасы" бойынша кінәлі деп танылды. Сотталушыларға пробациялық бақылау белгіленіп, шартты түрде 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында сәби кәмелетке толмағандарға арналған мамандандырылған мекемеге орналастырылды. Сонымен қатар Астана қаласы әкімдігінің "Мамандандырылған балалар үйі" мекемесінің талап-арызы негізінде анасы ата-ана құқығынан айырылды.

Астана қаласының прокуратурасы балаларға қатысты заңсыз мәмілелер қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және мұндай істер құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында екенін еске салды.