Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Birgemiz: areket yaqyty» стратегиялық серіктестігі аясында Ұлттық фронт-кеңсе ұйымдастырған V Республикалық Жазғы волонтёрлер мектебі өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Министрлік мәліметінше, аталмыш мектеп 2021 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді және осы уақыт аралығында елімізде волонтёрлік қоғамдастықты қалыптастыруға арналған маңызды алаң ретінде танылды. Іс-шараның басты мақсаты – азаматтарды әлеуметтік маңызы бар бастамаларға жұмылдыру, олардың құзыреттілігін арттыру және волонтёрлікке деген қызығушылықты күшейту.
2025 жылғы Жазғы мектеп Қазақстанның әр өңірінен келген белсенді азаматтарды біріктіріп, тәжірибе алмасуға, оқуға және волонтёрлік бағыттағы серіктестікті кеңейтуге мүмкіндік берді. Оқу сессиялары мен тренингтер барысында қатысушылар кәсіби және тұлғалық дағдыларын жетілдіріп, өз жобаларын жүзеге асыруға қажетті құралдарды меңгерді, — делінген мәліметте.
Мектеп аясында бұған дейінгі жылдары осы алаңда білім алған, бүгінде өз өңірінде әлеуметтік жобалар мен ауқымды іс-шараларды табысты жүзеге асырып жүрген үздік түлектердің жетістіктері де сөз етілді. Бұл бастамалар тек мемлекеттік емес, сонымен қатар үкіметтік емес құрылымдардың да қолдауымен іске асқан.