Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында (ПМЭФ) жасанды интеллектке арналған сессияда үй тапсырмасының қазіргі заманғы мәні сынға алынды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Сарапшылар мен саясаткерлердің пікірінше, оқушылардың көпшілігі үй тапсырмасын чат-боттардың көмегімен орындап, білім емес, уақытты ғана жоғалтуда.

«Білім емес — имитация»

РФ Мемлекеттік Думасының төраға орынбасары, «Жаңа адамдар» партиясының өкілі Владислав Даванков қазіргі форматтағы үй тапсырманың мәнсіз екенін ашық айтты.

Бұл — абсолютті мағынасыздық. Ұлымның DeepSeek арқылы орындаған тапсырмаларын ChatGPT арқылы тексеремін. Бүгінде үй тапсырмасын жоюдың уақыты келді. Оның орнына балаларды шынымен дамытатын шығармашылық тапсырмалар енгізу керек, — деді Даванков.

Чат-боттар дәстүрлі білімге қауіп төндіре ме?

Форум аясында талқылауға түскен маңызды мәселе — оқушылардың жасанды интеллектке тәуелділігі. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл үрдіс оқушының сыни ойлау, шығармашылық және жеке даму дағдыларын тежейді.

Бұған дейін жасанды интеллект арқылы жануарлармен тілдесуге болатынын жазған едік. Сонымен қатар, әлемді өзгерткен жасанды интеллект туралы қызықты деректерден мысал келтірді.