Қазақстан оқушылары халықаралық олимпиадаларда 190 алтын медаль жеңіп алып, үздік нәтижелер көрсетті.


2025–2026 оқу жылында Қазақстанда дарынды оқушыларды қолдау бағытындағы жұмыс күшейтіліп, 80-нен астам республикалық зияткерлік жарысқа 1,6 млн-ға жуық оқушы қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Халықаралық деңгейде 5 052 оқушы ел намысын қорғап, 37 олимпиада мен ғылыми конкурста 1 026 медаль иеленді. Оның ішінде 190 алтын, 332 күміс және 504 қола медаль бар. Сондай-ақ 56 қатысушы арнайы марапаттарға ие болды.

Математика бағытында да айтарлықтай жетістік тіркелді: Қазақстан құрамасы Вильнюсте өткен European Mathematical Olympiad жарысында көш бастаса, Салоникидегі Balkan Mathematical Olympiad жарысында жалпыкомандалық есепте 6-орынға ие болды.

Сонымен қатар оқушылар Финиксте өткен Regeneron ISEF халықаралық ғылыми-инженерлік көрмесіне қатысып, бірқатар жобалар жоғары бағаланды. Хьюстондағы робототехника жарыстарында қазақстандықтар 12 награда жеңіп алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері біржолғы төлем алады. Алтын медаль үшін 1500 айлық есептік көрсеткіш, күміс медаль үшін 1000, қола медаль үшін 500 айлық есептік көрсеткіш қарастырылған. Педагог-жаттықтырушылар 8,5-тен 26,5-ке дейінгі базалық лауазымдық айлықақы көлемінде ынталандыру төлемдерін алады.