Бұл 7 доллар – әуе компанияларының тұрақты әрі сенімді қызметі үшін жеткіліксіз.

IATA болжамынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік авиацияның таза пайдасы 36 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бұл 2024 жыл көрсеткішінен ($32,4 млрд) жоғары болғанымен, желтоқсанда жасалған болжамнан ($36,6 млрд) төмен.

"36 миллиард доллар пайда – айтарлықтай табыс болып көрінгенімен, оны бір жолаушының бір сапарынан түсетін таза пайдаға шағып есептесек, бар болғаны 7,2 долларды құрайды. Бұл авиация саласының іргесі нық болуы үшін жеткіліксіз көрсеткіш. Кез-келген жаңа салық, әуежай немесе навигация алымдары, болмаса сұраныстың өзгеруі саланың тұрақтылығын шайқап жіберуі мүмкін. Сондықтан, саланы реттеуге келгенде елдердің үкіметтері әуе компанияларының индустрияның негізі екенін ұмытпауы тиіс. Бұл салада әлемде 86,5 миллион адам қызмет етеді және ол әлемнің экономикалық белсенділігінің 3,9 пайызын құрайды", – деді IATA бас директоры Уилли Уолш.

Оның айтуынша, таза пайданың өткен жылмен салыстырғандағы өсіміне бірінші кезекте авиаотын бағасының 2024 жылға қарағанда 13% төмендеуі себеп болған. Одан бөлек, жолаушылар мен жүктің әуе тасымалына сұраныс жоғарылаған. Әрине, авиацияның табыстылығы экономиканың өзге салаларымен салыстырғанда төмен болғанымен, соңғы уақыттағы негативті факторларды ескергенде, қазіргі көрсеткіш – жоғары нәтиже болып есептеледі.

2025 жыл қорытындысы бойынша негізгі болжамдар:

  • Таза пайда – 36 млрд АҚШ доллары;
  • Таза табыстылық – 3,7%;
  • Операциялық пайда – 66 млрд АҚШ доллары;
  • Жиынтық кіріс – 979 млрд АҚШ доллары;
  • Жалпы шығындар – 913 млрд АҚШ доллары;
  • Жолаушылардың жалпы саны – 4,99 млрд адам;
  • Авиациялық жүк тасымалының көлемі – 69 млн тонна.

Оқи отырыңыз:

  • 2026 жылы IATA жиналысы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтеді
  • Әлемдегі бірқатар әуе компаниясының бұғатталған қаржы көлемі 1,3 млрд долларға тең

Уилли Уолштың айтуынша, саладағы ең өзекті мәселелердің бірі – ұшақтар паркінің ескіруі. Пандемияға дейінгі кезеңде әлемде тапсырыс берілгенімен, әлі жеткізілмеген ұшақтардың саны 10-11 мың шамасында болса, қазір бұл көрсеткіш 17 мыңнан асып түскен. Сәйкесінше, ұшақты жеткізу уақыты шамамен 14 жылды құрайды. 2015 жылы әлемдегі әуе парктерінің орташа жасы 13 жыл болса, ол 15 жылға дейін артады деген болжам бар.

Қазіргі таңның өзінде әуе флотындағы ұшақтардың 3,8 пайызы (1100-ден астам) жасы 10 жылдан төмен болса да, пайдаланылмайды.

"Ұшақ жасаушылар өз клиенттерінің сенімінен шыға алмай отыр. Әуе компаниялары өз кезегінде тапсырыстарының уақытылы орындалмауына және мәселенің ұзақ уақыт бойы шешілмей жатқанына қапалы", – деді бұл ретте Уилли Уолш.

Саладағы мәселелер әуе компанияларының паркінің ескіруінен бөлек, лизинг шығындарының артуына да әкеледі.