Ұлытау облысындағы Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданы экологиялық апат аймағына енгізілуі мүмкін. Қазір аймақта кешенді зерттеу жүргізіліп, қорытындысы Денсаулық сақтау министрлігіне жолданды.
Соңғы жылдары өңір тұрғындары ауа сапасының нашарлауына жиі шағымданып жүр. Қазгидрометтің деректері бойынша, Жезқазғанның атмосфералық ауасы жоғары ластану деңгейіне жеткен.
Облыстық экология департаментінің мәліметінше, ірі өнеркәсіп кәсіпорындары тоқсан сайын экологиялық бақылаудан өтеді және әзірге нормативтен асу дерегі тіркелмеген, деп жазады qazaqstan.tv.
"Кәсіпорындармен тоқсан сайын өндірістік экологиялық бақылау жүргізіледі. Қазіргі таңда ешқандай шекті мөлшерден асу дерегі анықталған жоқ", – дейді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ертай Жайназар.
Алайда өңір тұрғындары заводтардан шығатын түтін мен иістен көз ашпаймыз деп дабыл қағуда. Қазақстандағы ең ірі 50 ластаушы кәсіпорынның үшеуі Жезқазған маңында орналасқан.
Салдарынан аймақта онкологиялық аурулар жиілеп, өкпенің қатерлі ісігі өлім-жітім бойынша бірінші орында тұр. Бүгінде облыста 2500-ден астам адам қатерлі ісік диагнозымен тіркелген, алайда маман тапшылығына байланысты жергілікті ауруханалар толық көмек көрсете алмай отыр.
"Негізгі емді тұрғындар басқа қалалардан алады. Көпшілігі Астана мен Қарағандыға баруға мәжбүр", – дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сабина Ниязова.
Бірнеше жыл бұрын Жезқазғанда онкологиялық орталық салу басталғанымен, қаржы мен маман жетіспеушілігі салдарынан жоба тоқтап қалған. Енді демеушілердің көмегімен құрылыс қайта жанданып, құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Барлығы мақұлданған жағдайда, 100 адамға арналған орталықтың құрылысы 2027 жылы басталмақ.