Еліміздің бірқатар өңірінде жаңбыр, найзағай, шаңды дауыл, үсік және желдің күшеюі күтіледі.


"Қазгидромет" РМК 25 мамырда еліміздің бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыз құбылыстарына байланысты дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Астана мен Шымкентте күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Түркістан және Жамбыл облыстарында да жаңбыр, найзағай және желдің күшеюі болжанып отыр. Кей өңірлерде желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді.

Қызылорда облысының орталығында шаңды дауыл күтіледі. Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түсіп, тұман болады. Павлодар облысының шығысында 1 градус, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында 2 градус үсік жүруі мүмкін.

Сонымен қатар Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Ұлытау, Қарағанды, Алматы және Жетісу облыстарында ауа райының құрғақ әрі желді болуына байланысты жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Синоптиктер тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға және ауа райы болжамын бақылап отыруға шақырды.