Бұл туралы Қостанай облысының прокуратурасы мәлім етті.


Қадағалау қызметі барысында Қамысты ауданының прокуратурасы 1910 бас ауыл шаруашылығы малын жалған вакцинациялау, сондай-ақ мал басы бойынша статистикалық есепте 537 басқа асыра көрсету фактілерін анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тексеру кезінде екі ветеринариялық пунктте термочемодандардың болмауына байланысты 20 мың дозадан астам ветеринариялық препаратты тасымалдау және сақтау қағидалары бұзылғаны белгілі болды.

Сонымен қатар жас малды вакцинациялау мерзімдерін бұзу, ревакцинация кезеңділігін сақтамау, вакциналардың дозасын дұрыс қолданбау және басқа да заң бұзушылықтар анықталған.

Ветеринариялық заңнама талаптарын бұзу деректері бойынша прокурорлық ден қою шаралары қабылданды. Нәтижесінде 8 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке, 12 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ жалған вакцинация фактілері бойынша мемлекетке келтірілген 744,3 мың теңге көлеміндегі шығын өтелді.

Бұл бағыттағы бақылау жұмыстары жалғасуда.