Прокуратура талдауы нәтижесінде пайдаланылмай келген жер учаскелері мемлекетке қайтарылды.


Жетісу облысының прокуратурасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай келген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ескелді ауданында жүргізілген тексеру барысында уәкілетті органдар жалдау мерзімі өткен жерлерді қайтару бойынша тиісті шаралар қабылдамағаны, сондай-ақ міндетті төлемдерді өндіріп алу жұмыстары жеткілікті деңгейде жүргізілмегені анықталды.

Прокурорлық қадағалау актілерін қарау нәтижесінде жалпы ауданы 1000 гектар болатын пайдаланылмай жатқан жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жердің бағалау құны 25 млн теңгені құрайды.

Бұл жерлер енді өңірдің қажеттілігіне, соның ішінде жайылым тапшылығын азайтуға бағытталмақ.

Жетісу облысының прокуратурасы жер ресурстарын тиімді пайдалану және заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастырып келеді.