Көпшілікке жылулық сыйлайтын оқиға Түрік мәдениетіне арналған шеру кезінде тіркелген.


Нью-Йорк көшелерінде өткен Turkish Day Parade шарасы кезінде қазақ жастары Қырғызстан туының ешбір делегациясыз қалғанын байқаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, олар қырғыз туын Қазақстан байрағымен қатар алып жүріп, бауырлас халыққа құрмет көрсеткен.

Бұл сәт әлеуметтік желіде кеңінен тарап, көпшіліктің жүрегіне жетті. Жазба авторлары мұндай іс-әрекеттің соншалықты үлкен қолдау тудыратынын күтпегенін айтады. Олардың сөзінше, бір тәулікте әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген қырғыз азаматтарынан мыңдаған жылы пікір мен алғыс келген. Тіпті, көптеген адам қонаққа шақырып, ризашылығын білдірген.

"Осындай сәттерде туған жерден қанша алыс жүрсек те, халықтарымыздың бір-біріне әрдайым жақын екенін тереңірек сезінесің. Қазақ пен қырғыз – бір туған", – делінген жазбада.

Көпшілік мұны Орталық Азия халықтарының ауызбіршілігі мен бауырластығын көрсеткен ерекше сәт ретінде бағалап жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары "бір тудың астында болмаса да, бір жүректің адамдары" деген сарындағы пікірін қалдырған.