Тарихшы Ерзат Кәрібай қазақ жастарының біліміне қатысты өз ойын айтты .

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Оның Ахметбек Нұрсилаға берген сұхбатында айтқан сөзіне сенсек, қазақ жастары тіл білу, математика ғылымы жағынан өзбек және қырғыз жастарынан әлдеқайда алда.

«Қырғызстанға, Өзбекстанға қарағанда қазақ жастары IT болсын, басқа да компьютердің басқа саласы болсын, ғылым саласында, математикада алда екені көрінеді. Оның үстіне, қазақ тілінен басқа әлемдегі алғашқы ондыққа кіретін орыс тілін білгендіктің, оны көпір ретінде пайдаланғанның да пайдасы көп. Қазақстандағы орыс тілін мүлдем алып тастауға да әзір ерте. Уақыты келмеген. Былайша айтқанда, жауыңның тілін біл деген секілді қазақтар орыс тілін де пайдалану керек. Қазақ тілді адам болса, әрине өз тілін де құрметтейді ғой. Сондықтан орыс, ағылшын тілін білудің де еш зияны жоқ. Тек оларды біліп, пайдаланып, қазақ тілінің дамуы үшін жұмыс істе, терминдестіру керек. Қазақтың жастарына қойылатын ендігі міндет — сол арқылы технологиялық, қаржы саласын болсын дамыту», — дейді ол.

Желі қолданушылары тарихшы маманның пікірін қызу талқылап, түрлі пікір жазуда.

«Өте дұрыс, қазақ тіл қазақ тіл дей бермей білімгеде бағыттау керек жастарды, көкіректері қазағым деп тұрса болды басқа тілді меңгеріп кеткеннің ешқандай зияны жоқ», «Қазақтар алда болады қашан да», «Өзбек, қырғыз ағайындар ренжімесін, Орта Азия халықтары арасында қазақтар білім жағынан алда екені рас қой», — деп жазды олар.