Италияның Maire Tecnimont компаниясы Қазақстанда инженерлік хаб ашады.

Сөйтіп, жергілікті мамандарды даярлап, өңірдегі жобалардың тізігін ұстатпақшы. Мұндай келісім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Министрлер кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонидің келіссөзінен кейін жасалды.

Оған қоса, Кәрі құрлық өкілдері тарихи жәгірлерді реставрациялау ісіне де көмектеседі. Келіссөз қортындысы бойынша 8 құжат бекіді. Екі ел билігі де байланысты дамытуға ниетті екенін жеткізді. Қос мемлекет серіктестігі қай бағытта өрбиді?

Бекзат Аманов, тілші:

- Апта Астананың саяси өмірі үшін қарбаласқа толы болды. Мәртебелі меймандардың аяғы үзілмеген Ақордада келелі келіссөздерге қанық. Кеше Президент шетелдік қонақтармен 11 кездесу өткізген. Делегаттар географиясы Ауғанстаннан Францияға дейінгі аралықты қамтиды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс кестесі бүгін де тығыз болды. Резиденция Италия Министрлер кеңесінің төрағасы Джорджа Мелониді қарсы алды.

Кәрі құрлықтан келген қонақтар достыққа дем беруге мүдделі. Сол үшін делегацияның көлемі кең. Меймандар алдында құрмет қарауылы сап түзеп, екі елдің әнұраны шырқалды. Көп ұзамай келіссөз де басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелони әуелі жеке кездесіп, серіктестік жайын сүзбеден өткізді. Мемлекет басшысы бұл сапарды екіжақты ынтымақтастықтың айтулы оқиғасы деп балады. Біздің тарап байланысты бекемдете түсуге айрықша мән береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Италия Қазақстанның әлемдегі сауда серіктестерінің үштігіне кіреді және Еуропадағы ірі әріптесіміз. Бұл бекер емес. Екіжақты ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтауымыз қажет. Сіздің сапарыңыз қос ел арасындағы көпқырлы ықпалдастықты дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз.

Ал Джорджа Мелони сөз басында ілтипат білдіріп, Астана халықаралық форумында сөз сөйлеуге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты. Италия Қазақстанды стратегиялық серіктес ретінде таниды. Ал Орталық Азия өңірін маңызды тоғыз жолдың торабы ретінде қарастырады. Кездесуде негізгі назар сауда-экономика мен инвестицияға ауды.

Джорджа Мелони, Италия Министрлер кеңесінің төрағасы:

- Бізге диалог қажет. Мұны Өзіңіз де жақсы түсінесіз. Қазақстан – Италияның көптеген сала бойынша маңызды әріптесі. Екі ел арасындағы ынтымақтастық табысты дамып келеді. Әйтсе де, кеше айтқанымдай, энергетикадан бастап мәдениетке дейін, университеттердің тәжірибе алмасуы, халықтар арасын жақындату бағыттарында бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар.

Иә, көрсеткіш көлемді. Ал әлеует одан да мол. Былтыр тараптардың алыс-берісі 20 млрд долларға жуықтаған. Өсім – 24%. Экспорт 18 млрд доллардан асса, импорт 1 млрд доллардың үстінде. Қазақстан мұнай, ферроқорытпа, алюминий сынды шикізат жеткізеді. Ал Италиядан дәрі-дәрмек, құбырдың керек-жарағы мен желдеткіштер сатып аламыз.

Италия сауда да, инвестиция жағынан да әлемдегі негізгі серіктестеріміздің қатарына кіреді. Бірақ байланысты бекемдей түсуге мүмкіндік мол. Дәл осы мәселені талқылау үшін саясаткерлер келіссөзді кеңейтілген құрамда жалғастырды. Мұнда Президент іскерлік саладан бөлек, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық та дамып жатқанына назар аударды. Рим мен Астана арасында ажырамас достық қаланғанын да атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Италия Үкіметінің Қазақстанмен арадағы тығыз қарым-қатынастарды сауда және инвестиция салаларында ғана емес, парламентаралық ықпалдастық бағытында дамытуға ұмтылысын жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ екіжақты гуманитарлық ықпалдастыққа да шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Халықаралық аренада Қазақстан мен Италияның байланыстары сенімді әрі стратегиялық серіктес сипатында жалғаса береді деп сенемін.

Соңғы жиырма жылда Италия Қазақстан экономикасына 7,6 миллиард долларға дейін инвестиция құйған. Қазір 270-ке жуық компаниясы елімізде табысты жұмыс істеп жатыр. Оның арасында ENI, SDF Group, PetroValves, сынды ірі инвесторлар бар. Джорджа Мелони бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруға бейіл екенін мәлімдеді.

Джорджа Мелони, Италия Министрлер кеңесінің төрағасы:

- Сізді көреген көшбасшылардың бірі деп санаймын. Қазіргі сын-қатерлерді терең түсінетін адаммен әңгімелесу мен үшін өте құнды. Осынау қиын кезеңде жақсы жаңалықтар да бар. Соның бірі – Италия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас. Біздің байланыстарымыздың деңгейі жоғары. Мұны бұған дейін бірнеше рет атап өттік. Дегенмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік жеткілікті. Менің сапарымның мақсаты да осы.

Келіссөзде көптеген мәселе талқыланды. Кейін сөз іске ұласып, саясаткерлер Стратегиялық серіктестікті кеңейту жөнінде бірлескен мәлімдеме қабылдады. Ал делегация мүшелері 8 құжат алмасты. Келісімдер өнеркәсіп пен инвестициядан бастап ғылым һәм мәдениет салаларын қамтиды.

Италия – бай тарихи мұрасымен танымал. Жәдігерлерін сақтап ғана қоймай, оны күтіп ұстау ісін де жетік меңгерген. Енді олар тәжірибесімен бөлісіп, технологияларын тегін беруге келісіп отыр. Бұған дейін отандық мүзейлер бұл қызметті жеке компаниялардан алып келді. Алайда бұл қымбатқа түсетін.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Италиялық әріптестеріміз бізге реставрация орталығын құрып береді. Технологияларын, өздерінің жабдықтарын тегін беруге дайын. Сонымен қоса, мамандарды оқыту. Өйткені реставрацияның түр-түрі бар. Матамен жұмыс істеу, таспен жұмыс істеу, картиналарды реставрациялау. Ұлттық мүзейдің ішінде құрамыз, одан кейін барлық республикалық деңгейде рестврацияны өзіміз қамтитын боламыз.

Әдеттегідей «Самұрық-Қазына» да келіссөзден құр қол шықпады. Италиялық «Ансалдо» компаниясы газ қондырғыларының өндірісін арттырып, серіктестікке серпін беруге келісті. Сондай-ақ «МайраТехнемонт» компаниясының жаңа жобалары бар. Олар өңір нарығына біз арқылы шыққысы келеді.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- «МайраТехнемонт» – мұнай-газ саласындағы ең ірі, танымал компаниялардың бірі. Олар Қазақстанда инженерлік хаб ашуда. Бұл хабта жергілікті мамандар даярлайтын болады. Содан кейін қазақтың инженеринг кадрлар «МайраТехнемонттың» Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі жобаларына көмек істейтін болады.

Келесі бағыт – білім және ғылым. Қазір екі ел университеттерінің арасында 58 келісімшарт бар. Алайда ең негізгі жобаның бүгін нүктесі қойылды. Ауыл шаруашылығына негізделген Италияның атақты университеті Жетісу өңірінде филлиалын ашатын болды. Министр Саясат Нұрбек қазақ жастарын әлемнің үздік профессорлары оқытады деп сүйіншіледі.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Жетісу өңірлік мемлекеттік университетінің негізінде тұңғыш италиялық ЖОО филиалы ашылады биыл. Ол Анкона қаласында өте мықты, агрономия, ауыл шаруашылығы саласындағы университеті. Уақытында «Пармалат» деген атақты компания бар-тұғын. Соның негізгісі кадр даярлайтын, зерттеуші күші болатын осы университет. 4 бағдарламамен бастаймыз биыл. Агрономия, селекция, ауыл шаруашылығы және ең бастысы, ауыл шаруашылығы технологиясы. Өздеріңіз білесіздер, Италия осы саладағы Еуропада да, әлемде де жетекші ел.

Италия – Қазақстанды Орталық Азиядағы басты серіктесіне балап, өңірге жол ашатын қақпа ретінде қарастырады. Мұны ресми мінберлерден де естіп жүрміз. Бұл ынтымақтастық екі тарапқа да тиімді. Еліміздің Еуроодақпен байланысты нығайтуға мүмкіндік туады. Ең бастысы, ықпалдастықты дамытуды қос елдің билігі де құптап отыр.

Авторлары: Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, Ділмұрат Сейдаханов