Әлеуметтік желілерде Мемлекеттік туды көліктерге ілу мәселесіне қатысты тақырып кеңінен талқылануда, деп жазады Egemen.kz.
Еліміз бойынша полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың 82 дерегін анықтап, жолын кесті. Аталған тұлғалар Мемлекеттік туды пайдалана отырып, жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзған, автокөліктердің қозғалысына кедергі келтіріп, өздерінің және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Мұндай жағдайларда полиция бейжай қарай алмайды және заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдауға міндетті.
«Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерін бұзған жекелеген азаматтар өздерін Мемлекеттік туды пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартты деп мәлімдеуде.
Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Аталған тұлғалар Мемлекеттік туды пайдаланғаны үшін емес, нақты жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін заң аясында жауапкершілікке тартылды. Осыған байланысты, жалған ақпарат таратқаны үшін де жауапкершілік көзделгенін ескертеміз», делінген ІІМ ақпаратында.
Сонымен бірге, жүргізілген тексеру нәтижесінде Алматы және Шымкент қалаларында жекелеген жағдайларда полиция қызметкерлері заңсыз, құқыққа қайшы әрекеттерге барғаны анықталды. Мұндай әрекеттер мүлде жол берілмейді.
Аталған фактілер бойынша нақты шаралар қабылданды:
8 полиция қызметкері, оның ішінде басшылық құрам өкілдері тәртіптік жауапкершілікке тартылды (сөгіс, қатаң сөгіс), тағы 4 қызметкер атқарып отырған лауазымдарынан босатылды.
Ішкі істер министрлігі заңдылық пен заң алдында баршаға теңдік қағидаттарын дәйекті түрде ұстанады. Құқық бұзушылықтар — азаматтар тарапынан болсын, полиция қызметкерлері тарапынан болсын — әрқайсысы заңға сәйкес тиісті құқықтық баға алады.
«Мемлекеттік ту — Тәуелсіздік пен егемендіктің қасиетті нышаны, ерекше мәні бар мемлекеттік рәміз.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарап, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады», деп жазды полициядан.