Қазақстан мен Әмірлік ғалымдары оқу-ағарту саласында бірлескен жаңа зерттеу жобаларын қолға алмақ.

Бастама жасанды интеллект, ақпараттық технология және деректерді талдау бағыттарын қамтып, кең ауқымда іске асырылуы мүмкін. Осы мақсатта Дубайда келелі кездесуі өтті. Екі елдің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері арнайы форум алаңында бас қосып, білім беру ісіндегі ынтымақтастық жайын талқылады. Жиында қазақ-әмірлік қатынасының экономикалық көрсеткіштері мен жасанды интеллект дәуіріндегі тұрақты даму стратегияларына басымдық берілді. Ғалымдар цифрландыру үдерісінде қос мемлекет көзқарасының ұқсас екенін атап өтті. Осы күні Қазақстанның Орталық Азияда, ал Әмірліктің Таяу Шығыста экономика салаларын сандық жүйеге көшіру әлеуеті артқан. Сәйкесінше екі ел арасында ғылыми және академиялық тұрғыда жаңа синергия қалыптасып үлгерген. Тараптар осы мүмкіндікті пайдаланып, дипломатиялық корпустың қолдауымен бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізуді көздеп отыр. «Мұндағы мақсат — студенттерді жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға бейімдеп, тәжірибеде қолдану», — дейді оқытушы-профессорлар.

Майк Галлимори, «Murdoch Dubai» университетінің деканы:

- Біз Қазақстанмен соның ішінде Әл-Фараби атындағы ұлттық университетпен стратегиялық деңгейде серіктестік орнатып, бірлесіп жұмыс істеуге ниеттіміз. «AI», «IT» және деректер саласы – ынтымақтастықтың негізгі бағыттары болуы мүмкін. Біз бұл

зерттеулерді жаһандық кампустар арқылы дамытып, жетілдіреміз. Бұл әріптестік зерттеу нәтижелерін Қазақстанда нақты жобаларға айналдыруға мүмкіндік береді.