Алматыда пойызда бір топ адамның улануына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігіне қарасты көліктегі полиция департаменті хабарлады.

Бүгін Алматыда 53 жолаушы ыстан уланды. Оның 11-і бала. Оқыс жағдай қаладағы 2-теміржол бекетіне тоқтаған пойызда болған. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, оқиға орнына жедел жәрдемнің 13 бригадасы жіберілді. Тексеріс нәтижесінде 11 бала ауруханаға жатқызылды. Оның екеуі жансақтау бөліміне түсті. Қалғандары профильдік бөлімге жеткізілді. Өзге жолаушылар тексеру мен алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емге жіберілді.

Мәлік Қайбар, ҚР ІІМ көліктегі ПД бастығының орынбасары:

- Аталған факті бойынша Алматы-1 станциясындағы желілік полиция басқармасымен еңбекті қорғау қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған мән-жайды анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде.

Нариман Дүйсекеев, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Баспасөз Хатшысы:

- «Алматы-2» теміржол вокзалында болған оқиғаға Ұлттық тасымалдаушы компанияның қатысы жоқ. Аталмыш пойыз «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на тиесілі емес, ол жеке тасымалдаушыға қарайды. Белгілі болғандай, вагондар түсірілім жұмыстарын жүргізу үшін киностудияға жалға берілген. Оқиғаның барлық мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр.