Атырау облысында 20 жаңа жоба іске асырылып, 1300-ден аса жұмыс орны ашылады. Бұл туралы өңір әкімі Серік Шәпкенов мәлімдеді. Облыс басшысының айтуынша, аймақта құны 10,7 млрд долларды құрайтын үш ірі зәкірлі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Биыл Атырау облысындағы шағын және орта бизнес өкілдері 2,4 трлн теңгенің өнімін өндірді. Бұл – облыстың жалпы өнімінің 21 пайызы. Өңірде жалпы құны 36 млрд теңгені құрайтын 254 кәсіпкерлік жобаға қолдау көрсетілді. Енді 2 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

- Инвестициялық жобаларды іске асыру, шағын және орта бизнесті қолдау бойынша қабылданған кешенді шаралар экономиканың түрлі саласында 26 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Өз кәсібін бастауға ниетті тұрғындарды қолдау мақсатында 300 азаматқа қайтарымсыз грант берілді.

Биыл облыста 247,9 шақырым жол жөнделіп, жол сапасы 78 ден 83 пайызға өсті. Сондай-ақ авиа және теміржолмен тасымалдау салаларында жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

- Әуе қатынасын дамыту бағытында «Ашық аспан» режимі аясында алты жаңа бағыт ашылды. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары 10 бағытқа жетеді. «Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайды жаңғыртуға 2026 жылға 50 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Бұдан бөлек, Атырау қаласының теміржол вокзалы мен аудандардағы 9 теміржол вокзалы жаңғыртылуда.

Облыста инфрақұрылым жаңғырып, халықты қамту деңгейі 99,9%-ға жетті. Яғни 713 мыңнан аса адам сапалы ауыз су, көгілдір отын және электр желілерімен қамтылды. Бұдан бөлек, төрт мектеп бой көтеріп, 14 шалғай елді мекен интернетке қосылды.