Жыл басынан бері 4,5 млн құқықбұзушылық тіркелген. Бұл қылмыстардың барлығы көшедегі бақылау камералары арқылы анықталып отыр, деп хабарлайды 24kz.

Енді қоғамдық тәртіпті тек полицейлер ғана емес, арнайы алгоритмдер де қадағалауға көшкен.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Көшеде көлік саны ұлғайған сайын мәселе көбейеді. Ал бақылаусыз тәртіп жоқ. Қазір елде бір жарым млн көше камерасы жүріс-тұрысты қалт жібермей қадағалап тұр. бар. Ақпараттық жүйелер құқықбұзушылықты тіркеп қана қоймайды, дер кезінде хабар да береді. Солардың бірі – «Қорғау» арнайы бағдарламасы.

Шұғыла Тұрлыбек, ІІМ баспасөз хатшысы:

- Жақын маңдағы патрульдің планшетіне сол қауіпті жүргізуші туралы ақпарат береді. Яғни, ол бұрын құқық бұзушылық жасаған жүргізуші болуы мүмкін немесе жүргізуші куәлігінен айырылған жүргізуші болуы мүмкін. Нөмірі жалған болуы мүмкін деген сияқты ақпараттарды тез арада беріп отырады. Одан бөлек, «ақылды» камералардың тағы бір функциясы бар. Ол іздеуде жүрген қылмыскерлерді, яғни, бет-әлпетті тану деп айтамыз. Сондай функциялары да бар.

Ел бойынша қалалардың цифрлық көшірмесі жасалып жатыр. Жасанды интеллектіге негізделген жүйе қауіпті алдын ала болжайды. Мәселен, жүйе топталып жиналған адамдар, көлік апаты немесе өрт туралы өзі хабарлайды. Яғни, арнайы қызметтерге ешкім қоңырау шалмаса да, болған оқиға жайында құлағдар болады деген сөз.

Мақсат Көшімбаев, Presight Ai Kazakhstan компаниясының аймақтық директоры:

- Бүгінде көптеген жүйелер адамның қатысуымен жұмыс істейді. Яғни, арнайы қызметкерлер бейнекамераларды бақылап, қалада не болып жатқанын қадағалап отырады. Ал жаңа камераларда видеоларды талдау жүйесі қосылады. Яғни, алгоритм арнайы қызметтерге оқыс оқиғалар туралы хабарлап, тіпті алдын ала болжау жасайды.

Қазір қала іші ғана емес, сырттағы жолдар да бақылауға алынған. Ең бастысы, жыл басынан бері жол көлік оқиғалары 8% азайды. Ал зардап шеккендер саны үш есе төмендеді. «Бұған тасжолдардағы фото-бейне камералардың көбеюі сөзсіз әсер етті», - дейді тәртіп сақшылары.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Мадияр Қындыбаев