Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшылары – әлем чемпионы Айбек Оралбай мен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастыратын әлем чемпионатына қатысады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
IBA дерегінше, Дубайда өтетін әлем біріншілігінде Қазақстан, Куба, Өзбекстан және Әзербайжанның бірқатар жұлдызды былғары қолғап шебері бақ сынайды.
Әзірге тізімде мына боксшылар көрсетілген:
Хасанбой Дусматов (Өзбекстан) – екі дүркін Олимпиада чемпионы, IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы;
Абдумалик Халоқов (Өзбекстан) – Олимпиада чемпионы, IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы;
Лорен Альфонсо Домингес (Әзербайжан) – Париж-2024 Олимпиадасының финалисі, IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы;
Саиджамшид Жафаров (Әзербайжан) – IBA әлем чемпионатының финалисі;
Нұрбек Оралбай (Қазақстан) – Париж-2024 Олимпиадасының финалисі, IBA әлем чемпионы;
Айбек Оралбай (Қазақстан) – екі дүркін Азия чемпионы;
Хулио Ла Крус (Куба) – екі дүркін Олимпиада чемпионы, IBA нұсқасы бойынша бес мәрте әлем чемпионы.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Рауан Игенев Tengri Sport-қа берген сұхбатында ұлттық құраманың көшбасшылары биылғы IBA турниріне қатыспайтынын айтқан еді.
«World Boxing нұсқасы бойынша әлем чемпиондары Махмұд пен Төрехан Сабырхандар, Санжар Тәшкенбай және Айбек Оралбай IBA турниріне бармайды. Біз өзге боксшыларға мүмкіндік бергіміз келеді», – деген болатын ол.
Дегенмен IBA өткізетін әлем чемпионаты 2-13 желтоқсан аралығында Дубайда өтеді және онда рекордтық көлемде жүлде қоры қарастырылған – чемпионға 300 мың доллар беріледі.