Театр және кино майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының негізін қалаушылардың бірі Рымкеш Омарханова 86 жасқа қараған шағында өмірден озды, деп жазады Egemen.kz.

Ол 1939 жылы 30 қазанда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Жаңа негіз бөлімшесі Сарытау ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Қарағанды музыкалық училищесінде оқыды. Осы жылдары Қарағанды қаласының С.Сейфуллин атындағы қазақ музыкалық драма театрында Актриса ретінде қызмет атқарды.

1990 жылы Целиноград қаласының әкімшілігінің шақыруымен қазіргі Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының ашылуына атсалысып, осы күнге дейін еңбек етіп келді. Рымкеш Омарханова өзінің өнер саласындағы көп жылғы еңбегінде көптеген дипломмен, мақтау қағаздарымен марапатталды және облыстық, аудандық депутаттыққа сайланды.

Жарты ғасырдан астам шығармашылық ғұмырында сахнада 150-ден аса бейнені сомдап шығарды.

Актриса Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклінде Мақпалды, «Қыз Жібекте» Төлегеннің анасын, Әуезовтың «Қаракөзінде» Мөржанды, «Еңлік-Кебекте» Еңлікті, Айтматовтың «Ана-Жер-Анасында» Толғанайды, «Ақ кемеде» кемпірді сомдады.

2014 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. 2024 жылы Президент Жарлығымен мемлекетіміздің мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды.