Көші-қон дағдарысы өршіп тұр. Еуропалық комиссия Испания, Италия, Греция және Кипрді «миграциялық қысымға ұшыраған елдер» деп жариялады. Соған байланысты баспана іздеушілерді көрші мемлекеттерге қайта бөлуді көздейтін жаңа механизмді іске қосады. Босқындардың көбі зорлық-зомбылық пен саяси қуғын-сүргіннен қашып, тұрақты мекен табу мақсатында бас сауғалап келіп жатыр.

Еуроодақ бірнеше жылдан бері көші-қон мәселесін шеше алмай әлек. Жағдай елдердің экономикасына қаржылай салмақ салып, әлеуметтік ахуалды шиеленістіріп тұр. Осыған байланысты Еурокомиссия босқындарды ұйымға мүше елдер арасында әділ бөлу мен әр мемлекеттің қаржылай қолдауын анықтайтын жүйе құруды ұсынды. Оған сәйкес Одақтың әр елі жыл сайын 30 мың мигрантты қабылдауы тиіс. Талап орындалмаған жағдайда мемлекет өтемақы төлейді.

Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық комиссия төрағасы:

- Еуропа адамгершілік пен оның шекараларын қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтауы керек. Біз жөнсіздікке жол бере алмаймыз. Бірақ көмекке мұқтаж адамдардан бас тартуға құқымыз жоқ.

Бірақ ұйымның бірқатар елі жаңа жүйеге қарсылығын білдірді. Мажарстан, Польша және Словакия үкіметінің басшылары ондағы талаптарды орындамайтынын мәлімдеді. Олардың пікірінше, құжаттағы міндеттемелер елдің ішкі саяси-экономикалық мүдделеріне сай келмейді. Сол себепті көшбасшылар аталған механизмге қатысудан бас тартты.

Дональд Туск, Польша премьер-министрі:

- Польша миграциялық пакт аясында мигранттарды қабылдамайды. Біз ол үшін ешқандай қаржы бөлмейміз. Бұл біздің соңғы шешіміміз.

Ал дерекке сүйенсек, 1960 жылы Еуроодақ халқының саны 355 миллион болған. Қазір 450 миллионнан асады. Бірақ аймақ халқы көбіне табиғи жолмен емес, көші-қон есебінен өскен.

Бүгінде мигранттар Германия, Франция, Испания және Италияда көп шоғырланған. Одақ халқының да шамамен 57%-ін, яғни жартысынан көбін осы 4 мемлекет құрайды.

Еуропада ең көп мигранттар тұратын елдер:

Германия — 16,9 млн

Франция — 9,3 млн

Испания — 8,8 млн

Италия — 6,7 млн

Дереккөз: Eurostat

Тулина Демели, БҰҰ Босқындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңесшісі:

- Әлемде халықтың түрлі жағдайға қатысты мәжбүрлі көшіп қонуы көбейді. Зерттеу бұл үрдістің күшеймесе, бәсеңдемейтінін көрсетіп отыр. Еуроодақ мәселені ескеріп, тиісті шараларды қабылдауы керек. Біз адамдардың өмірін сақтап қалу үшін көші-қон әрекеттерін шектемеуіміз керек.

Қарт құрлықта былтыр шілде айынан бері миграциялық ахуал біршама тұрақталып, шекараны заңсыз өту деректері 35% төмендеген. Ал жаңа «Миграция және баспана» пакті одақ мемлекеттері арасындағы мигранттарды қабылдау ісін жетілдіріп, оны әділ жүргізуге көмектеседі деген сенім мол.

Авторы: Динара Орынтай