«Үйіміз қирап қала ма деп қорқамыз». Қарағандыдағы Заводской ықшамауданының тұрғындары осылай деп біздің редакциямызға хабарласты.

Олардың айтуынша, шамамен 400 метр қашықтағы тас карьерде жасалған жарылыстан үйдің қабырғасы сөгіле бастаған. Сонықтан карьер жұмысының заңдылығын тексеруді талап етіп отыр.

Тұрғындардың сөзінше, кейінгі бірнеше айда ауыл іргесіндегі карьердің жұмысы қызып тұр. Бұрғылау қондырғылары мен жүк көліктері тыным таппайды. Бірақ бұл маңда тас өнідірілетіні туралы ешқандай ескерту белгісі, рұқсат қағазы қойылмаған. Зейнеткер Сергей Чокотов тас өндірілетін жерге жақын тұрады. Тамыздан бері оның тынышы кетті. Себебі кәсіпорын ауыл маңына жақындап, жерасты жарылыстарын жасай бастаған.

Сергей Чокотов, қала тұрғыны:

- Міне, алдымен мына жер құлады. Содан кейін жарық ұлғая бастады. Үй опырылып түсе ме деп алаңдаймын. Төбе бетондары қозғалып кетті.

Мұндай жағдай тек Сергей Чокотов емес өзге де тұрғын үйлерде байқалды. Себебі кейінгі жарылыстардың қуаты күшейе түскен. Тіпті «жер сілкінісі болды ма» деп ойлаған.

Ғани Арыстанбеков, қала тұрғыны:

- Қатты жарылыс болғаны сонша, үйлердің қабырғасы жарылып осы маңайдағы, адамдар шошып қалды. Балаларымыз, немерелеріміз бар бәрі де қорқып қалған. Сондықтан жанайқайымыз осы карьер жабылса екен дейміз.

Төтенше жағдайдар департаментінің өкілдері бұл маңда ешқандай кәсіпорынға өндірістік жарылыс жасауға рұқсат берілмегенін мәлімдеді. Заң бойынша мұндай жұмысқа алдын ала рұқсат алынып, жоспары бекітілуі тиіс.

Ғалым Еркін, ТЖД Басқарма бастығының міндетін атқарушы:

- Жер қазу, ату жұмыстарына ешқандай рұқсат қағазы берілмеген. Олар бізге ж ситуациялық жоспар бойынша құжаттарын алып келу керек. Онда осындай зарядпен жарамыз, тастың ұшу қауіпі 200 метр, толқыны 300 метр дегендей жазылу қажет. Біздің мамандар заңдылығын, халықтың қауіпсіздігін қарап, сосын рұқсатын береді.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қазір Заводской ықшамауданынан бір шақырым жерде заңды рұқсатпен жұмыс істеп тұрған карьер бар. Ал үйлерге тым жақын жарылыс жасап, тас өндіріп жатқандардың кім екені белгісіз.Түсіру тобына сол маңда жауап беретін адам болмады.

Азат Мұхамеджанов, Ә. Бөкейхан атындағы ауданның Инфрақұрылымды дамыту жөніндегі бас инспекторы:

- Бізге тұрғындардан шағым түсті. Жарылыс жұмыстарын жүргізген жауапты тұлғаларды анықтау үшін Құқық қорғау органдарына және Табиғатты қорғау прокуратурасына хат жолданды. Тексеріс қорытындысы бойынша тұрғындарға міндетті түрде жауап береміз.

Тұрғындар тиісті органдардың мұқият тексеріс жүргізіп, ауыл маңында заңсыз тас өндіргендерді жауапқа тартуды сұрайды.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит