Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында «Кәсіпкер әйел: алғашқы қадамдар» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Жиынға палата директоры Сабира Адамбекова, «Amanat» партиясының қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрағасы Наргиза Керімбаева, «Halyk Bank» АҚ қалалық филиалы директорының орынбасары Асылбек Келдібаев, Еңбек мобильділігі орталығы кәсіпкерлік бастамаларды оқыту және қолдау бөлімінің басшысы Гүлвира Даужанова, сондай-ақ бір топ кәсіпкерлер қатысты.
Кәсіпкерлер палатасының директоры Шымкент қаласында әйелдер кәсіпкерлігі дамып келе жатқанын, осыған орай қыз-келіншектер тарапынан пайдалы ақпаратқа қажеттілік туындап отырғанын айтты.
– Кәсіпкерлер палатасына қыз-келіншектер тарапынан сұрақтар көп түседі. Олар көбінесе бизнесті қаржыландыру, түрлі қолдау шаралары туралы білгісі келеді. Палата ең біріншіден, кәсіпкердің құқын қорғайтын ұйым. Сондықтан әрбір кәсіпкер осы мәселе төңірегінде палатаға өтінішпен келсе болады. Біздегі білікті заңгерлер барлық ережелерді түсіндіріп, бизнес өкіліне құқықтық көмек пен кеңес бере алады. Сонымен қатар біздегі мамандар бизнес жобаның тиімділігін қарап, нарықтың сұранысына қарай ұтымды кәсіпкерлік бағыттарды көрсетіп береді. Әрине кәсіпкер болу оңай емес. Әсіресе әйелдер қауымына қиындығы көп. Бұл салада көптеген кедергілер кездеседі. Соның бәріне шыдап, төзе білудің өзі де әйел үшін үлкен ерлік. Дегенмен бүгінде бизнесте табысты кәсіп бастап үлкен жетістіктерге жетіп жатқан нәзік жандылар да көп арамызда. Солардың еңбегі мен күш-қайраты көпке үлгі болса деп тілеймін. Шымкент қаласында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Бұған бірінші кезекте елде жүргізілген экономикалық реформалар себепкер. Қазақстанда шағын және орта бизнесті аяқтандыру үшін көптеген игі шаралар қолға алынып жатыр. Оның ішінде түрлі салықтық жеңілдіктер мен субсидияларды атап өтуге болады. Арзандатылған несие бағдарламасы да кәсіп бастаған жандарға үлкен көмек болып тұр. Жоғарыда айтып өткенімдей Шымкентте шағын, орта бизнес саны артып келеді. Сонымен қатар олардың жалпы өңірлік өнім көлеміндегі үлесі де бірте-бірте көбейіп жатыр. Экономикалық тұрғыдан бұл өте жақсы үрдіс саналады. Кәсіпкерлік саласында қыз-келіншектердің де үлесі елеулі. Ендеше, әйелдер қауымы мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді пайдаланып, кәсіп ашуға ұмтылып жатса, құба-құп. Ол үшін бірінші кезекте қаржылық, құқықтық сауатты жетілдіру керек. Бұл жағынан палата жан-жақты көмек беруге дайын», деді С.Адамбекова.
Жиын барысында кәсіпкер Наргиза Керімбаева өзінің бизнестегі тәжірибесін бөлісіп, жетістікке жету жолы туралы баяндады.
– Менің бизнестегі қадамым осыдан 20 жыл бұрын ұялы байланыс операторының өкілі ретінде басталды. Содан осы салада жүріп, телефон сататын бутиктер аштым. Ол кезде смартфондар енді шығып жатқан кез еді. Бес жылдың ішінде Шымкент пен Түркістан облысының аумағында 15 дүкеніміз ашылды. Уақыт өте келе біз еліміздегі ұялы байланыс операторларының дистрибьютері ретінде жұмыс істей бастадық. Қазір біздің компанияның 20-дан астам дүкені, еліміздің әр аймағында 8 сауда орталығымыз бар. Кәсіпкерлік саласында сауданың алар орны ерекше. Өндіріс тауар шығарса, оны сатып пайда түсіру үшін сауда керек. Технология ойлап табу, соның негізінде иннвациялық өнім шығару экономикада маңызды. Сонымен қатар оны нарықта сата алудың да рөлі зор. Сол себепті әйелдерге сауда саласынан бизнес бастауға кеңес берер едім. Бұл арада «не сату керек?» деген сауал да өзекті. Егер саудаға шығаратын зат нарықта сұранысқа ие болмаса, кәсіпкер шығынға ұшырауы мүмкін. Сол үшін бүгінгі нарықта ең өтімді тауарды таңдаған жөн. Адам саудадан бизнес бастаса, келе-келе өндіріс саласына өтіп, үлкен кәсіпкер болып кетуі де ғажап емес. Өмірде ондай мысалдар өте көп. Алдымен бір тауарды сатып, оның қыр-сырына әбден үңіліп болған соң, соны өзімізде отандық тауар ретінде шығарып жатқан кәсіпкерлер арамызда баршылық. Өзім сауданы бизнестің алғашқы баспалдағы деп түсінемін. Қарыз алып үлкен іске құлаш сермемес бұрын әуелі кәсіпкерліктің қарапайым түрінен бастау қажет. Сонда ертең ісің жүрмей, шығынға батып қалсаң да өкінбейсіз. Сондай-ақ тәуекел де маңызды. Көп адам кәсіпкерлікпен айналысуға жүрексінеді. Егер қиындықтан қорқа берсек, ешқашан жетістікке жете алмаймыз. Керісінше, батыл әрекетпен ойға алған мақсатты қалай да іске асыруға тырысу керек. Сол кәсіпкерлікті бастаған соң алдымызда кездесетін қиындықтармен күресе жүріп адам шыңдалып, үлкен тәжірибе жинайды. Дегенмен білім де жас кәсіпкерге артық етпейді. Ең алдымен қаржылық жағынан сауаты жоғары болуы керек. Бұл жолда кәсіпкердің алдынан талай ауыртпалық шығары сөзсіз. Соған бола меселі қайтып, қолды сілтеуге болмайды. Өзімнің ұзақжылдық кәсіпкерлік тәжірибемнен түйген ойым, адам өзіне сенсе, себептерін жасап болып тәуекел етсе, алынбайтын қамал жоқ екен», – деді Н.Керімбаева.
«Halyk Bank» АҚ қалалық филиалы директорының орынбасары А.Келдібаев қаржы институты тарапынан кәсіпкерлік бастамаларға қандай жеңілдік пен қолдау барын атап өтті. Қаржыгердің айтуынша, «Halyk Bank» қыз-келіншектердің бизнес жобаларына арнайы қабылданған «Үміт» бағдарламасы бойынша арзандатылған несие ұсыныпты. Соның нәтижесінде қаншама әйел жеке бизнесін дамытуға қажетті қолдау тапқан. Одан бөлек, қаржы институты «Өрлеу» бағдарламасымен жылдық мөлшерлемесі 12.6 пайыз жеңілдікпен несие таратқан. Маманның сөзінше, бұл да айналым қаражатын толықтыруға, бизнес капиталды еселеуге үлкен көмек болып табылады. Сонымен бірге банк кәсіпкерлік әліппесін енді үйрене бастаған қыз-келіншектерге арнайы қаржылық сауат ашу курсын ұйымдастырған. Оның себебін маман бүгінде интернет алаяқтардың қоғамда өршіп кетуімен түсіндірді. Осы орайда қаржыгер ақпараттық қауіпсіздікке баса мән беруге шақырды. Банк қызметкері клиенттен дербес деректерді телефон арқылы айтып жіберуін ешқашан өтінбейтінін жеткізді маман. Сол үшін алаяқтардың қитұрқы әрекеттеріне алданып қалмау керек. Олардың тұзағына түсіп қалмаудың бірден-бір жолы қаржылық тұрғыдан сауатты болу деді. Сондай-ақ қаржыгердің айтуынша, бүгінде мемлекет екінші деңгейлі банктерді елдің экономикалық дамуына үлес қосуға барынша ынталандырып жатыр. Соның нәтижесінде коммерциялық қаржы ұйымдары әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлікті қаржыландыруға көшкен. Одан басқа әртүрлі жеңілдік көздейтін қаржы құралдарын ұсынады. Бұл – мемлекеттің кәсіпкерлікті өрістетуге барынша жағдай жасап жатқанын білдірсе керек дейді маман.
Тренингте бизнес-ханымдар өз кәсіптерін дамыту бойынша тәжірибелерін бөлісті, әйелдердің кәсіпкерлік пен қаржылық сауатын арттыру, іскерлік қабілеттерін дамыту тақырыптары аясында ой қозғады. Банк өкілдерімен бірге әкімдік қызметкерлері де мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңінен түсіндіріп берді. Мәселен, бүгінде Шымкентте кәсіпкерлерге арналған «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін арнайы мекеме бар. Кез келген адам сол жерге барып бизнес тақырыбында мәлімет ала алады.
Сонымен қатар іс-шарада Еңбек мобильділігі орталығы кәсіпкерлік бастамаларды оқыту және қолдау бөлімінің басшысы Г.Даужанова қала әкімдігінің қолдауымен әйелдердің бизнес жобалары сәтті жүзеге асып келе жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекет әйелдер қауымының кәсіпкерлікпен айналысуына жан-жақты көмегін көрсетіп отыр. Сол себепті Үкімет пен жергілікті әкімдік ұсынған жеңілдіктерді тиімді пайдалану керектігін тағы бір мәрте еске салды. Одан өзге орталықта түрлі тренингтер мен оқыту курстары өтетінін, одан сабақ алған қыз-келіншектер кейін жеке кәсіп ашып, бизнеске біржолата мойын бұратыны туралы баяндады. Маманның айтуынша, әйелдердің кәсіпкерлікке ден қоюына гранттық қаражаттың да көмегі тиіп жатыр екен. Мемлекеттік қолдау жобаларының кәсіпкерліктің өрісін кеңейтіп, тұрғындардың ырысын еселеп жатқаны қуантарлық жайт.