2002 жылы құрылған «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы Маңғыстау облысы өсіп-өркендеуінің маңызды орталығына, Орталық Азияны әлемдік нарықпен байланыстыратын сенімді көпірге, бизнесті өркендетудің әлеуеті алаңына айналды.

Арнайы аймақта өз жобасын жүзеге асырған инвестор корпоративтік табыс, мүлік, жер салығы мен импорт ҚҚС-тан, кедендік баждардан босатылады, жобаларға толық әкімшілік және техникалық қолдау көрсетіледі. Бұл жеңілдікке қазір аймаққа отандық кәсіп­керлермен бірге Түркия, Әзербайжан, Қытай, Германия, Сингапур, Италия елдерінің компаниялары қызығушылық танытып, жобаларын жүзеге асыра бас­тады. Соның нәтижесінде, Ақтаудағы ар­найы экономикалық аймақ ашылғалы 347,2 млрд теңге инвестиция тартыл­ды. Шетел­дік инвестициялар 176,9 млрд тең­геге жетсе, өндірілген өнім көлемі 550,9 млрд теңгені, экспорт көлемі 4 млрд тең­гені құрады. 68,4 млрд теңге салық түсіп, 2 500-ден астам жұмыс орны ашылды.

Мемлекет басшысы жергілікті әкімдікке Үкіметпен бірлесе отырып аталған экономикалық ай­мақ аумағы мен басым қыз­­мет түр­лерінің тізбесін кеңейту жөнінде тапсырма берген болатын. Тапсырманы жедел, тиянақты орындауды мақсат еткен Маңғыстау облысы әкім­ді­гінің бастамасымен кешен­ді жұмыс жүргізілді. Атап айт­қанда, 2024–2025 жылдары эко­но­микалық аймақтың аума­ғы екі жарым есе, яғни 1 926 гек­тардан 4 407 гектарға дейін ұлғайды. Оның құрамына биыл Ақтау халықаралық әуежайы, Ақтау қаласының жағалау бөлігі, Жаңаөзеннің өндірістік аймағы, Саржа теңіз терминалы кірді. Аумақ көлемінің артуы мұнымен тоқтамақ емес. Мұнайлы ауданынан инвестициялық жобаларды іске қосу үшін арнайы жерді, Каспий Ерсай кеме жасау зауытын, Кендірлі курорттық аймағын экономикалық аймаққа кіргізу жұмысы жүріп жатыр. Бұл аумақтардың қосылуы АЭА көлемін 27 мың гектарға жеткізіп, өңірге жаңа инвестициялардың құйылуы мен жаңа салалардың дамуына мүмкіндік береді.

а

– Арнайы экономикалық аймақ­тың аумағын кеңейтіп, мүм­кіндігін барынша пайдалану – Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың басты назарында. Алдымызға ауқымды жоспарларды жобалап отырмыз. «Ақтау теңіз порты» арнайы эко­номикалық аумағында жасалған тағы бір маңызды қадам – басым қызмет түрлерінің тізімі кеңейтіліп, бұрынғы 24 бағыттың орнына 45 жаңа бағыт бекітілді. Олардың қатарында: құрылыс, абаттандыру, туризм, курорттық-санаторий қызметтері, тоқыма бұйымдары өндірісі, су өңдеу, кеме және әуе кемелерін жөндеу, көлік және басқа да өндіріс түрлері бар. Бұл жаңа өндіріс аша­мын, өңір экономикасына қаржы құямын деген азаматтар үшін де мол мүмкіндік. «Ақтау теңіз порты» АЭА – Маңғыстау облысының ғана емес, бүкіл еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған ірі жоба. Алдағы уақытта да бірлесе отырып, жаңа мүмкіндіктерді іске асырып, өңірімізді инвестиция үшін ең қолайлы аймаққа айналдырамыз, дейді «Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ басқарма төрағасы Мүбәрак Төлегенов.

«Ақтау теңіз порты» АЭА-ға биыл 9 айды толайым та­быс­пен ең­серді. Аталған аймаққа 25 млрд ­­теңгеден астам инвестиция тар­­­тылған, демек, бұл арнайы экономикалық аймақта жүйелі жүр­гізіліп жатқан жұмыстың нәти­жесі деуге болады.

«Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ бас­қарма төрағасының айтуынша, жыл басынан бергі үш тоқсанның қоры­тындысы-ақ «Ақтау теңіз порты» арнайы эко­номикалық аймағы өңір экономи­касының тұрақты дамуына серпін беріп отырғандығын айғақтай түседі.

Мемлекет басшысының Маң­ғыстау облысына келген сапарын­да арнайы экономикалық аймақ­тың әлеуетін дамыту, өңдеу саласындағы жобаларды жүзеге асыруға берген тапсырмасын орындау мақсатында Маңғыстау облысының әкімі Н.Қилыбайдың бастамасымен отандық және шетелдік инвес­торларды тарту, жаңа өндірістер құрып, жұмыс орындарын ашу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 9 ай ішінде арнайы экономикалық аймақта жалпы инвестиция көлемі – 53,9 млрд теңгені құрай­тын 8 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылды. 878 жаңа жұмыс орнын құрайтын жоба арасында металл сынықтарын қайта балқыту зауыты, полипропилен бұйымдары өндірісі, полиэтилен үлдірін шығару, су тазартқыш сүзгілер зауыты, ірі құбыр зауыты, Ақтау әуежайындағы ұшу-қону жолағымен перронды қайта жаңғырту жобалары бар.

м

Қазір АЭА аумағында тір­келген 55 компанияның 27-сі то­лық іске қосылған болса, 28 жоба жүзеге асырылу кезеңінде тұр.

Биыл қаңтар-қыркүйек айларында аймақ аумағына тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі – 6,6 млрд теңге, ал жалпы инвестиция көлемі 25,1 млрд теңгеге жетті. Осы кезеңде АЭА кәсіпорындары 58,3 млрд теңгенің өнімін өндіріп, оның бір бөлігі 108,9 млн теңге мөлшерінде экспорт­­тал­ған. Аймақтағы өндіріс­тік белсенділіктің артуы 3052 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Бұл – өңір тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер мен тұрақты табыс көзі. Мұндай жобалар өндірістік әлеуетті арттырып, өңір экономикасын әртараптандыруға, экспорттық бағытты күшейтуге жол ашып отыр. Бюджеттен бөлінген әрбір 1 теңгеге шаққанда 46,4 теңге жеке инвестиция тартылып, 9,1 теңге салық түсімі қамтамасыз етілді. Бұл – «Ақтау теңіз порты» АЭА-ның тиімді жұмыс істеп, өңір дамуына нақты үлес қосып отырғанының айқын дәлелі, дейді АЭА атқарушы директоры Г.Әбішева.

«Жақсыны көрмекке» дегендей, жуыр­да аталған арнайы эко­номикалық аймақ­қа барып, по­липропилен қап­шық­тар мен биг-бэг өндіретін зауыттың, құбыр шы­ға­ратын италиялық зауыттың жұ­мы­сы, Ақтау халықаралық теңіз пор­ты­­ның базасында салынып жатқан ірі кон­тейнерлік хаб құрылысымен таныстық.

«WestEcoPlast» кәсіпорны 2022 жылдың желтоқсанында іске қосып, бүгінде өз қарқынымен жұмыс істеп тұрған полипропилен қапшықтар мен биг-бэг өндіретін зауыт – АЭА-да сәтті жүзеге асып жатқан жобалардың бірі. «WestEcoPlast» ЖШС директоры К.Демченконың айтуын­ша, өндірістік қуаты жылына 6 миллион қаптама өні­міне есептелгенмен, болашақта бұл көр­сеткішті екі есе арттыру жос­парланған. Сапалы өнімдері тек Маңғыстау облысында ғана емес, Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе және Қызыл­орда облысының нарығында сұранысқа ие екен.

«Ақтау теңіз порты» арнайы эконо­микалық аймағының мүмкіндігі мен Маң­ғыстаудың инфрақұрылымдық әлеуетін пайдаланып отырған қатысу­шы­лар­дың бірі – әлемнің 15 елінде жұмыс істеп отырған құбыр өн­ді­рісіндегі әлемдік көшбасшы – «Tenaris» компаниялар тобының еншілес кәсіпорны «Kazakhstan Pipe Threaders» ЖШС. 2016 жылы іске қосылған зауыт толық қуатта жұмыс істеп тұр әрі биыл өнімдерін Өзбекстан нарығына шығара бастаған.

вв

– Бұл – еліміздегі бірегей кәсіп­орын. Зауыт премиум-клас­ты сорап­тық-компрессорлық құбырларды майсыз жабындысымен шығарады. Бұл технология құбырларды пайдалану үдерісін жеңілдетіп, тапсырыс беру­шілердің жұмыс тиімділігін арттырады. Зауытта еңбек етіп жүрген 40-қа жуық жұмысшы-маман Румыниядағы «Tenaris Silcotub» зауытында тағылымдамадан өтті. Қазір мамандарды дамытуға тұрақты түрде көңіл бөлініп, көптеген қызметкер оператордан басшы деңгейіне дейін көтерілді. Сонымен қатар ұжым халықаралық тәжірибе алмасуға белсенді қатысып келеді. Компанияның басым бағыт­­­тарының бірі – өңірдің әлеу­меттік дамуына үлес қосу. Әр жылы Ақтау мен Жаңаөзен қалаларындағы білім саласын қол­­дауға арналған жобалар жү­зе­ге асырылып келеді, дейді «Kazakhstan Pipe Threaders» ЖШС бас директоры А.Пилипенко.

Ақтау халықаралық портының базасында салынып жатқан заманауи контейнерлік хаб құрылысын Қазақстан-Қытай бірлескен компаниясы жүзеге асырып жатыр. Компания бас директорының коммерция жөніндегі орынбасары Қайрат Қалиолланың айтуынша, контейнерлік хабтың бірінші кезеңін 2026 жылдың басында іске қосу жоспарланған. Бұған дейін Ақтау порты жылына 70 мың контейнер өңдесе, хабтың арқасында теңіз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 3 есеге жуық өспек. Контейнерлік хабта жабық және тоңазытқыш контейнерлерге арналған қоймалар болады. Озық логистикалық инфрақұрылым контейнерлік жүктерді жылдам өңдеуге мүмкіндік береді.

АЭА-дағы қарқынды жұмыс, қолайлы орта облыс әкімдігінің баста­масымен, Үкіметтің қолдауы­мен экономикалық аймақтың қызмет ету мерзімін

2052 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартуға негіз болды. Бұл аймақ аумағында сәтті, табысты жобалардың іргесі қалануы­на, ол жобалардың өңір, ел экономикасының дамуына үлес қосуына мүмкіндік береді.

Маңғыстау облысы