Киіктердің санын азайту арқылы пайда табуға болады. Бүгін Мәжілісте ғалымдар осындай ұсыныс айтты. Жыл сайын жануарлардың 20 пайызын кәдеге жаратсақ, бюджетке миллиардтаған доллар кіріс кіреді. Тек заңға өзгерістер керек дейді олар. Әріптесім ретімен түсіндіреді.

Қазір Қазақстанда 4 млн-нан аса киік бар. Ресми дерек осындай. Ал экология министрлігінің есебінше ақбөкендердің саны 800-900 мыңнан аспағаны абзал. Осы шамада болса құрып кету қаупі болмайды, халыққа зияны да тимейді.

Ақылбек Сағитов, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер:

Киікті қазір қайда айдайтынын білмей жатыр шаруалар. Халық ол жерден кетеміз деген әңгімені айтып жатыр. Біз мал өсіре алмасақ, бұл жерде не қылып тұрамыз?

Бүгінде дала жануарлары өрісте жүрген малмен бірге жайылады. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл түрлі аурулардың таралуына сеп болуы мүмкін деп отыр. Олай деуге негіз де бар.

Қазбек Ташимов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің комитет төрағасы:

Аса қауіпті аурулардың ошақтары, пастереллез дейміз. Ол латенттік инфекция. Жаппай қырылуға әкеледі. Паразитарлық аурулар, ценуроз деген сияқты аурулардың да жиі кездесетін факторлары болды.

Батыс қазақстандық ғалымдар киіктің санын азайту арқылы пайда табудың да жолдарын есептеп қойған.

Аңшыларға киік ату рұқсатын сату арқылы жылына 500 млн доллар табуға болады деген есеп тағы бар. Дегенмен бұлардың бәріне заңмен шектеу қойылған. Киік қызыл кітапқа енгізілген, ерекше қорғаудағы жануар. Аулау жұмыстарын заңдастырғанға дейін тағы бірнеше ай уақыт керек. Төлдері өскенше, яғни күзге дейін атуға тағы болмайды.

Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Экология және табиғи ресурстар министрлігі және ғылыми ұйымдармен бірлесіп, киік санын реттеу қажеттілігі бойынша ғылыми негіздемелерді аяқтау. Келісесіңдер ғой? Нақты мерзім қояйық та нақты оны қадағалайық. Әйтпесе бос әңгімелеріміз жалғаса береді.

Яғни экология және ауыл шаруашылығы министрлігіне 2 апта уақыт берілді. Сосын ғылыми негіздемеге сай киіктерді ұстау, пайдаға асыру тәсілдері туралы нақты жоспар түзіліп, жұмыстар басталуы керек, — деп тарқасты депутаттар.

Оңғар Алпысбайұлы