Елімізде 24 қазан Кітапханашылар күні аталып өтіледі. Кәсіби мерекеге орай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кітапханашыларды кәсіби мерекесімен құттықтап , толайым табыс тіледі, деп жазады Egemen.kz.

Қазір Қазақстанда 12 мыңға жуық кітапхана республикалық деңгейден бастап ауылдық елді мекендерге дейін халыққа қызмет көрсетеді. Соның 4 мыңға жуығы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қарамағында. Аида Балаева құттықтауында рухани мұраны сақтайтын қазыналы орында қызмет атқарып жүрген кітапханашылардың еңбегін ерекше атап өтті.

«Кітапхана – ұлттың рухани дамуының тұғыры, білім мен мәдениеттің бастау-бұлағы. Ол тек ақпарат орталығы емес, халықтың тарихи жады мен рухани мұрасын сақтайтын қазына, ұлттық сананы кемелдендіретін орта. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады». Сондықтан біз білім мен ғылымға ұмтылған қоғам қалыптастыруға ұдайы күш салуымыз қажет.

Мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарында жұмыс істейтін кітапханалар да қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға маңызды үлес қосып келеді. Бұл салада еліміз бойынша 20 мыңға жуық кәсіби маман еңбек етеді. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында еліміздің әрбір азаматы білімге жол тауып, рухани байлыққа қол жеткізіп отыр. Алдағы уақытта да ұлт болашағын тәрбиелеу, қоғамның мәдени деңгейін көтеру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы қызметтеріңіз жемісті болсын. Құрметті әріптестер! Кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық шабыт және толайым табыс тілеймін! Мереке құтты болсын», деді министр.