Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бастаған отандық делегация Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен барып , Ташкент қаласындағы негізгі спорт нысандарымен танысты.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сапар барысында жетекші спорт орталықтарының инфрақұрылымы, спортшыларды дайындау жүйесі мен басқару тәжірибесі зерттелді.

Отандық делегация ең алдымен Олимпиада қалашығына барды. Бұл – 12 мың көрерменге арналған стадионы, велотрегі, су спорты сарайы, жекпе-жек пен командалық ойындарға арналған ареналары, сондай-ақ жатақханасы мен спорттық медицина бойынша ғылыми-практикалық орталығы бар көпсалалы кешен. Нысан халықаралық стандарттарға сай салынған және ірі халықаралық жарыстарды өткізуге арналған.

Сондай-ақ делегация Ұлттық футбол орталығының жұмысымен танысты. Мұнда футбол академиясы, жаттығу базалары, аналитикалық бөлімдер, VAR орталығы, медициналық блок пен ұлттық құрамаларды дайындауға арналған инфрақұрылым орналасқан. Делегация спортшыларды іріктеу жүйесіне, жаттығу әдістемесіне және медициналық қолдауға ерекше назар аударды.

Сапар соңында делегация Баходир Жалолов атындағы бокс мектебіне барды. Мұнда боксшыларға толыққанды дайындықтан бастап, қалпына келуге дейін барлық жағдай жасалған. Спорт ғимараты халықаралық деңгейдегі спортшыларды дайындап, үздіксіз жаттығу жүйесін қамтамасыз етеді.

Сапар қорытындысы бойынша Ербол Мырзабосынов спорт инфрақұрылымы, ғылыми қолдау, бапкерлер даярлау және жастармен жұмыс істеу сияқты негізгі бағыттар бойынша екіжақты тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті. Екі тарап та бірлескен іс-шаралар, тағылымдамалар мен сарапшылардың пікір алмасу арқылы практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді.

Жұмыс сапары Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жастар ісі және спортқа жауапты министрлерінің 9-отырысы аясында өтті. Жиында отандық делегация әріптестікті нығайту және бірлескен спорттық жобаларды дамыту жөнінде бастама ұсынды.