Отан алдында борышын өтеп жүрген сарбаздардың қауіпсіздігі — әрдайым басты назарда.
Армиядағы тәртіпті нығайту, жауынгерлердің әскери даярлығын арттыру мақсатында Қорғаныс министрлігі тарапынан кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Әскерилердің күнделікті қызмет барысын таныстыру үшін ведомство БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз турын ұйымдастырды. Іс-шара барысында Бейнеудегі жауынгерлік бөлім мен әскери теңіз күштері көрсетілді.
Бұл осыдан 6 ай бұрын мерзімді әскери міндетін өтеуге келген Жалғас Аманиязов. Отан алдындағы борышын барлау шабуылдау полкінде атқарып келеді. Айтуынша, жас сарбаздарға жасалған жағдай жақсы.
Жалғас Аманиязов, қатардағы жауынгер:
- Бұл — ер азаматтың міндеті. Мен солай деп қабылдаймын. Алтыншы күн демалыс күні. Ата-анамызбен уақытылы сөйлесеміз. Бейнеқоңыраумен, телефонмен сөйлесеміз.
Ата-аналар үшін бауыр еті баласымен телефон арқылы тілдесуге мүмкіндік бар. Әскери бөлімге келіп, сарбаздардың хал-жағдайын білуге, командирлермен сөйлесуге де рұқсат етілген.
Амангүл Масақбаева, ата-ана:
- Бұл жерде әлімжеттікті көрген жоқпыз. Балаларымыз тыныш, аман. Сол амандықтарын біліп тұрамыз. Әлеуметтік желіде ортақ чат бар. Сонда балалардың жағдайын жазып отырады. Бәрі жақсы.
Айта кету керек, №99116 әскери бөлімі 2015 жылы құрылған. Тәртіпсіздікті болдырмау мақсатында бұл жерде әскери полиция күнделікті кезекшілік атқарады. Алайда кейінгі уақытта орын алған қайғылы жайттар әскери салаға қатысты жағымсыз пікір қалыптастыратыны сөзсіз.
Бауыржан Артықов, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы:
- Біз ата-анадан сарбазды алған кезде күні-түні ұйықтамасақ та, отбасымызбен араласпасақ та сол сарбазды аман-есен үйіне қайтарсақ деп жұмыс істейміз. Дегенмен қиын жағдайлар болып тұрады. Өз-өзіне қол салу, қауіпсіздік ережесін сақтамау деген сияқты. Отбасылық жағдай бар, қоғамда ажырасу көбейіп кетті ғой, кейбір сарбаздар ата-анасының екіге кеткенін көтере алмай қалады. Ата-аналарға айтатыным, үйдегі мәселелерді әскердегі 18 жастағы балаға көтерудің қажеті жоқ. Бала аман-есен үйіне жетсе, көреді, біледі.
Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған баспасөз туры барысында жас сарбаздардың Каспий жағасындағы қызметі де көрсетілді. Бұл жерде әскери-теңіз күштерінің әртекті кемелер дивизионы орналасқан. Олар теңіздің қазақстандық секторындағы қауіпсіздікке жауапты.
Ағзам Таштеміров, матрос:
- Бізде жауынгерлік кезекшілік 14 күнге созылады. Яғни 2 айда бір рет келеді. Осы екі апта бойы барлығымыз кемеде тұрамыз. Осында кезекпен тамақ әзірлеп, ауқаттанамыз. Дабыл бойынша теңізге шығып, өзімізге белгіленген секторларды қадағалаймыз. Жалпы теңіздегі қызмет өте қызықты.
Руслан Яхьяров, №21814 әскери бөлімінің командирі:
- Жауынгерлік кезекшілікке шыққан кемелерде матростардың саны 5-тен 12-ге дейін жетеді. Жалпы бір шақыртылымда 60 бала мерзімді борышын өтеуге келеді. Сарбаздардың кемеде өз каюталары бар. Ол жерде бейнебақылау камералары орнатылған. Кеме командирі жазбаларды күнделікті түрде қарауға міндетті.
Әскери-теңіз күштерінде мерзімді борышын өтеп жүрген сарбаздар оқу-жаттығу жиындарына жиі тартылады. Теңізде қызмет еткенді ұнатқан жандар әрі қарай келісім шарт бойынша қалуға да құлықты. Мәселен, биыл 11сарбаз осындай ниет танытқан екен.
Авторлары: Риат Шони, Арман Ақшабаев