Сот Ақсу қаласы құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы мен кәсіпкерді 7 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

2024 жылы Ақсу қаласының прокуратурасы төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бойынша орындалған жұмыстар актілеріне заңсыз қол қойылғанын анықтаған. Алдын ала тергеу барысында арнайы прокурорлар мемлекетке 290 миллион теңгеден астам шығын келтірілгенін анықтады.

Өңірлік прокуратурадан хабарлағандай, Ақсу қаласының мамандандырылған ауданаралық соты аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын талан-таражға салу ісі бойынша үкім шығарды.

- Айыпталушылар қатарында Ақсу қаласы құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы мен мердігер компания өкілі бар. Екеуі де 7 жыл бас бостандығынан айырылды. Бұл сот процесі көрсетілімдік сипатқа ие болып, оған мемлекеттік органдардың басшылары қатысты, — деп хабарлады прокуратурадан.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Павлодар облысы