Аталған мекемені өңірдегі шаруа қожалықтары он жыл күтті. Түрлі себеппен талай рет кейінге шегерілген халықаралық жоба биыл жүзеге асып, салаға серпіліс әкелді. Бұған дейін өнімдерін шетелге шығарып жүрген жергілікті шаруалар тиісті талдау жасата алмай біраз сенделетін. Енді ешқандай кедергі жоқ. Себебі жаңа кешенге ең соңғы үлгідегі жетпіске жуық қондырғы қойылды.
Елімізде баламасы жоқ бұл көпсалалы ауылшаруашылық зертхананы агроөнеркәсіптік салаға қатысы бар мамандардың бәрі асыға күтті. Венера Өмірзақова 15 жылдан бері ветеринар болып еңбек етіп келеді. Осыған дейін ескі қондырғылармен жұмыс істеп келген ол жаңа құралдарды бірден меңгеріп алды. «Хромотограф, спектрофотометр сынды бұрын қол жету қиын көрінген жабдықтар бүкіл кешеннің жұмысын жеңілдетіп сала берді», — дейді ол. Енді сынама талдауы ұзаққа созылмайды.
Венера Өмірзақова, аға ветеринар:
- Бұрын бәрі қолмен классикалық түрде жасалған қазір айтады ғой экспресс талдау деп тез түрінде жасай аламыз. Мәселен, бұрын біз зерттеу нәтижесін аз дегенде үш күнде берсек, қазір біз үш сағаттан бір тәулікке дейін қысқартып бере аламыз.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Бұрынғы зертханада ауылшаруашылық өнімінің құрамы бар болғаны төрт түрлі ауыр металл бойынша тексерілетін еді. Кедендік одақ регламентіне сай ол жеткілікті болғанмен, Қытайға экспорт жасау үшін бұл аздық етеді. Яғни көрші елге жіберілетін тауар құрамы 20 көрсеткішке тексеріледі. Жаңа зертханалық кешен заманауи құралдар арқасында осы межеден шыға алады.Сынамадан Менделеев кестесіндегі бүкіл элементті анықтайтын мүмкіндікке ие.
Мұнда ет, сүт, балық, бал, жем-шөп,тұқым сияқты ауылшаруашылық өнімдері халықаралық талапқа сай тексеріледі. «Қытай елі ұсынған жабдықтар дәл мәлімет береді», — дейді зертханашылар. Бұл жерде зерттеуден өткен шыққан өнімге шет елге жеткен соң қосымша сараптама тағайындалмауы да мүмкін. Себебі сапа стандарттары ұқсас.
Нания Әтекенова, азық-түлік қауіпсіздігі бойынша зертхана меңгерушісі:
- Енді өнімдеріміз шет ел нарығына кедергісіз шыға алады. Жоғары деңгейдегі талдаулар сапа мен қауіпсіздік туралы толық ақпарат береді. Сенімділік бұрынғыдан да арта түседі. Әрине, тек қытай елімен ғана емес өзге де мемлекеттермен байланысты күшейтуге дайынбыз.
Жалпы биыл облыста жыл басынан бері шет елге 580 мың тоннаға жуық ауылшаруашылық өнімі экспортталған. «Жаңа зертхана қызметі бұл көрсеткішті арттыруға септігін тигізері сөзсіз», — дейді мамандар.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин