Қазақстан жасыл энергетика мен экономикаға көшу бойынша Еуропамен стратегиялық әріптестігін нығайтып жатыр.
Брюссельде өткен кездесуде аумақтағы ірі қаржы институттарымен меморандумдарға қол қойылды. Бұл құжаттар жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қажет инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Global Gateway форумына қатысқан қазақстандық делегация үшін басты нәтиже ол – «жасыл» энергетиканы дамытуға, электр желілерін жаңғыртуға және Қамбар ата-1 гидроэлектр станциясы құрылысын қаржыландыруға бағытталған келісімдерге қол қойылуы.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- 5-6 жыл ішінде қаржыландыру жасалынады. Қазақстанға осы жоба энергетика, жәй ғана емес, бірақ судың мәселелерін шешеді. Өзіңіз білесіз, Оңтүстік Қазақстанда су мәселелері бар. Өйткені Қазақстан Шардара су қоймасын толтыру үшін осы жобаны іске асыру қажет деп ойлаймын.
Бастаманы іске асыру үшін 5,2 миллиард доллар көлемінде қаржы тарту қарастырылған. Жобаны қолдауға Еуропалық инвестициялық банк және Еуропалық қайта құру және даму банкі ниет білдіріп отыр.
Хусейн Ожан, ЕҚДБ-ның Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры:
- Меморандум біздің банкпен 1,5 миллиард долларға жасалды. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанға 500 миллион доллардан беріледі деп жоспарланып отыр. Алда өңірлік жобаны толық жүзеге асыру үшін біраз жұмыс атқарылмақ.
Еуропалық одақ Қазақстанның энергетикалық бастамаларға белсенді қатысуына ерекше мән береді. Сондай-ақ ол елімізді энергия ресурстарын ғана емес, стратегиялық және сирек металдарды да тұрақты тасымалдаушы серіктес ретінде жоғары бағалайды.
Роман Василенко, Қазақстанның Бельгиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:
- Қазақстандық делегация нағыз қажет уақытта форумға қатысып жатыр. Бүгін қол жеткізілген келісімдер мен ашық пікір алмасулар ынтымақтастық қарқынын арттыруға өз септігін тигізеді деп сенемін.
Форум аясында халықаралық әріптестік, сондай-ақ бейбіт көршілік ету саясаты жөніндегі еурокомиссарлармен энергетикалық қауіпсіздік пен жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ аймағымыздағы энергетика министрлері қатысқан «Орталық Азиядағы серіктестік диалогы» шарасы ұйымдастырылды.
Ғалымжан Қараманұлы, Жомарт Ахметов