Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясында әулетімен өнерді таңдаған шаңырақ иелері көп.
Солардың бірі – джаз оркестірінің әртістері ерлі-зайыпты Андрющенко-Фаустовтар. Өнер табыстырған шығармашылық иелерін әріптестері өнегелі отбасы ретінде ерекше құрметтейді. Олар тек өнерді насихаттап қана қоймай, отбасылық құндылықтарды да дәріптеп жүр.
Александр барабанда ойнаса, Марина керней тартады. Музыкаға деген ортақ махаббат оларды табыстырып қана қоймай, берік отбасының іргесін қалауға себеп болды. Өнерге деген қызығушылық, сахнадағы серіктестік пен үйдегі үйлесім – табысқа жетудің басты құпиясы.
Марина Фаустова, джаз оркестрінің әртісі:
- Біз, әрине, филармонияда танысқан жоқпыз. Бірақ бізді өнерге деген сүйіспеншілік пен қызығушылықтың байланыстырғаны ақиқат. Өйткені музыка арқылы тілдестік. Музыка табыстырды, музыка байланыстырды деп нық сеніммен айта аламын.
Балалары әзірге ата-анасының жолын қуып, өнер жолына түспеген. Отбасындағы үш бала да шығыс жекпе-жегімен айналысады. Түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, ата-анасын спорттағы жетістіктерімен қуантып жүр. Соған қарамастан өнерге құштар.
Александр Андрющенко, джаз оркестрінің әртісі:
- Балалар концерт әзірлегенде біз музыкамен сүйемелдейміз. Пандемия кезінде әлеуметтік желіні пайдаланып, өзіміздің жақындарымызға онлайн концерт бердік. Мен аспапта ойнаймын, жұбайым ән айтады. Осылайша, дуэт құрдық.
Отбасы күні қарсаңында өмірін өнермен өрнектеген отбасылық жұптар қызыл кілеммен жүріп өтті. Филармония ұжымында ұрпақ сабақтастығына көп көңіл бөлінеді.
Амангелді Қожанов, И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның басшысы:
- Бұл жердегі жұмыс істеп жатқан адамдар өте талантты адамдар. Ол қоғамды тәрбиелеуге, жалпы мәдениетті ел қалыптастыруға үлкен қызмет жасап жатқан азаматтар. Сол себепті оларға біз өзіміз ерекше құттықтап, олармен бірге болуды ұйғарып отырмыз.
Бір ұжымда еңбек етіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеп жүрген әулеттер – қашан да құрметке лайық. Олар өздерінің ғана емес, бүкіл өңірдің мәдени әрі рухани байлығын сақтап, келер ұрпаққа аманат етеді. Олар жас ұрпаққа өнер арқылы елін сүюді, тарихын қастерлеуді, дәстүрін бағалауды үйретеді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков