Сенат Astana Hub-қа қатысты заңды мақұлдады. Құжат 2 Кодекске және 10 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Оған сай Astana Hub пен Инновациялық технологиялар паркі біріктіріліп, бірыңғай кластерлік қор ретінде жұмыс істейді.

Мақсат — инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру және Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру. Бұл елдің барлық экономикалық секторындағы әлеуетін арттырады. Сондықтан парламент қысқа мерзімде жаңа Цифрлық кодексті дайындауы тиіс.

Шәкәрім Бұқтұғұтов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Біздің кәсіпорындардың инновациялық белсенділік деңгейі әлі де төмен. Компаниялардың 12 пайызы ғана жаңа технологиялар мен өнімдерді енгізіп отыр. Шамамен 20 жыл бойы Қазақстан экономикасындағы инновация үлесі 1,5% деңгейінде қалып келеді. Мұның бәрі еліміздегі инновацияның жеткілікті дамымау мәселесін көрсетеді. Осыған байланысты инновациялық қызметті қолдаудың шұғыл жүйелі шаралары қажет. Оның ішінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар көлемін арттыру, инновациялық компаниялардың стартаптарын қолдау, ғылым мен бизнестің ынтымақтастығын дамыту арқылы зерттеулерді нақты өнімдер мен технологияларға айналдыру қажет.