Қазақстан ұлттық құрамасының боксшысы Сабыржан Аққалықов Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалды.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

75 кг салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған ол украиналық боксшы Павло Илюшаға есе жіберді. Кездесу төрешілердің шешімімен 3:2 есепте аяқталды.

Сабыржан Аққалықов Instagram желісіндегі парақшасында жазба жариялап, әлем біріншілігіндегі сәтсіздігін қатаң сынап жатқандарға жауап берді.

“Бұл әлем чемпионаты мен үшін аяқталды. Бір жерде жеткіліксіз дайындалдым, бір жерде қолымнан келмеді… Сондықтан айтар сөз жоқ.

Ал спортты сынаушыларға айтарым — ауыздарыңызды жапқандарыңыз дұрыс. Сіздер біздің қанша жаттығып, қалай дайындалатынымызды, туғандарымызды қанша уақыт көрмей жүретінімізді, жаттығуда қанша қан мен тер төгілетінін білмейсіздер. Мұның бәрі бір күндері елдің көк байрағын биікте желбірету үшін жасалады.

Сіздер тек бергі жағын, жеңіс тұғырын ғана көресіздер. Жеңсең кереметсің. Жеңілсең, бірден жамансың. Ал спорт алдын-ала болжанбайтын дүние. Бүгін чемпион болсаң, ертең жай ғана қатысушы болып қалуың әбден мүмкін”, — деп жазды ол.

Айта кетейік, Сабыржан Аққалықов 2021 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының, 2025 жылы елордада өткен Әлем кубогының жеңімпазы.