Ақтөбе облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында 14 мектеп салынады.
Олардың жетеуі пайдалануға берілді. Бүгін жаңа оқу жылында есігін ашқан оқу орындарына өңір басшысы Асхат Шахаров келді. Ол ата-аналармен және оқушылармен әңгімелесіп, білім беру ісіндегі мәселелер бойынша ой бөлісті.
Алтын Орда шағын ауданындағы "Келешек мектептері» жобасымен салынған білім ошағы 2000 орынға шақталғвн. Пән кабинеттері оқушылардың алаңсыз білім алуына қажетті барлық құралдармен қамтылыпты. Төрт спорт залы, кітапхана, шеберханалар мен кәсіптік бағдар беру сыныптары бар.
Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:
- Барлық мүмкіндіктерді пайдаландық. Соның ішінде мына «Келешек мектеп» президент тапсырмасының аясында жақсы бізге қолдау болды. Айта кетсек, 14 мектеп бекітілсе өңірімізге, соның ішінде 2 мектеп былтыр тапсырылды, осы оқу жылына 5 мектеп тапсырылып отыр.
Саяжай тұрғын алабында тұратын балалар да дән риза. Өйткені бұған дейін олар басқа шағын аудандардағы мектептерге барып жүрген. Ата-аналар мен оқушылардың білім беру мекемесінің жабдықталуына көңілі толады.
Диляра Иманғалиева, оқушы:
- Бұрынғы мектеппен салыстырғанда өте керемет, барлығы замануи, әдемі және оқуға деген құштарлық қатты ашылады осы мектепке келген кезде.
Естай Жайлыбай, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Бұл мектептің ашылуын сұрап жүргенімізге 10 шақты жыл болды. Міне бүгін соның сәті түсіп осындай тамаша іші толық құрал-жабдықтармен жабдықталған, бөлмелері кең мектепке осы шағынауданның қол жеткізіп отыр.
Ұлттық жоба аясында салынған бес мектепте 3500 оқушы білім алады, 300-ге жуық педагог жұмыс істейді. Жалпы жаң оқу жылында облыста 190 мыңдай бала мектепке барды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 5 мыңға артық.
Талғат Серікқалиұлы, Наталья Салькова, Болат Молдағалиев