Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірлерге көмір мен мазутты уақытында жеткізуді ескертті. Тапсырманы энергетика министрлігі Қазақстан теміржолы компаниясымен және өңірлердің әкімдіктерімен бірге орындауы тиіс. Жауаптылар арнайы кесте бекітіп, халықтың көмірмен қамтамасыз етілуін бақылау қажет. Жылыту маусымына дайындық жұмыстары пысықталған Үкімет отырысынан Самал Қабышева толығырақ.

Самал Қабышева, тілші:

Биыл жылу желілерін жөндеуге және реконструкциялауға 130 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бұл бағытта 323 шақырым жылу желілеріне күрделі жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында мәлімдеді. Министр мәлім еткендей, бүгінгі таңда жұмыстың 66% аяқталған. Ал әлеуметтік нысандардың 90%-дан астамы жылыту маусымына дайын. Проблема да жоқ емес. Қарыз көлемі артуда. Мәселен энергия өндіруші ұйымдар ҚазТрансГаз-Аймаққа 17 млрд теңге қарыз.

Сұңғат Есімханов, Энергетика вице-министрі:

17 млрд-тың ішінде ағымдағы қарыздар да бар. Негізгі газ мәселесі бойынша берешек, ол бізде Маңғыстау, басқа өңірлерде газбен істейтін электростанциялар берешегі. Ол тиісті кесте бойынша жабылады деген жоспар бар. Қазір тарифке осы қаржыларды қостық. Екіншіден, бұл мекемелердің алдында да тұтынушылардың қарызы бар. Ол қарыздарды осы мекемелер заңды түрде алғаннан кейін ол берешектер жабылып жатады.

Самал Қабышева, тілші:

Жылыту маусымына дайындық жоспарға сай жүріп жатыр. Электр станцияларында 10 энергия блогына, 63 қазандық және 39 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қазір басым бөлігінде жұмыстар аяқталған. Энергетика министрі электр желілерін жөндеу уақытылы аяқталады деп уәде берді.

Самал Қабышева