Абай облысы Үржар ауданында көлік қаққан екі бала Астанадағы көпбейінді балалар ауруханасында емделіп жатыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Арна мәліметінше, аяқ-қолы сынған бүлдіршіндердің жағдайы өте ауыр. Оларды бірден жансақтау бөліміне жатқызған.
Тоғыз жастағы қыз баланың бас сүйегі мен иығына зақым келген. Ал алты жасар ұл баланың екі аяғы бірдей сыныпты.
"Екі баланы санавиация жеткізді. Қыз баланың жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр, тыныс алу аппаратында жатыр. Қан қысымы тұрақсыз. Ұл бала бірнеше жерінен ауыр жарақат алған, аяғы да сынған. Ол да жансақтау бөлімінде жатыр", — дейді медициналық бөлім жөніндегі директордың орынбасары Динат Қожекенов.
Еске салайық, 19 тамызда Абай облысы Бестерек ауылында кәмелетке толмаған балаларды көлік қағып, салдарынан үш бала көз жұмғаны хабарланды. Үш бала ауыр жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.
Кейінірек екі бала Астанаға жеткізілді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз