Қарағандылық Анар Шаймерденова жапалақ асырап отыр.
Еріккеннен емес әрине. Қанаты қайырылып, ұша алмай қалған құсты көшеден тауып алған. 8 айлық балапан қазір қолға үйренген. Қанаты да қатайып келеді.
Анар Шаймерденова Бұқар жырау ауданында табиғат аясында серуендеп жүріп, жаралы құсты көріпті. Қанаты қатты зақымданған жапалақ балапаны ұша алмай жатып қалған. Сәл кешіксе жыртқыш аңдарға жем болуы да мүмкін еді. Ол құсты бірден Қарағандыдағы ветеринарлық клиникаға жеткізген.
Анар Шаймерденова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Келе жатып шөп арасындағы қыбырлаған құсты байқап қалдым. Қанаты салбырап тұрды. Ұша алмай жатқанын көріп, жүрегім ауырды. Бірден орап алып, ветеринарға апардым. Қолымнан келген көмекті көрсетуге тырыстым.
Мамандар зерттеп, құстың иық кермесі сынып, еті жыртылғанын анықтады. Алайда қанатын сақтап қалу мүмкін болмапты.
Евгений Крюков, ветеринар:
- Операция күрделі болды. Әсіресе жабайы құстар анестезияны көтермейді. Бірақ бұл құс шыдамды болып шықты. Түнде жемтік іздеп жүріп қатты затқа соғылған. Жарақат орыны біткенше күтім керек.
Бұл 8 айлық жапалақ балапаны. Салмағы 210 грамм. Қазір Анардың үйінде күтімде. Құсқа Қанат деп ат қойыпты.
Анар Шаймерденова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Қанатынан айырылғанын естігенде көңілім түсіп кетті. Ең бастысы, ит-құсқа жем болмай аман қалды. Қазір маған үйреніп алды. Білмегенімді мамандардан сұрап күтіп-баптап жатырмын. Негізі табиғи ортаға жақын жерде тіршілігін жалғастырса жақсы болар еді. Кең даланың құсы ғой.
Табиғат жанашыры құсты күніне екі мезгіл қоректендіріп, күтім жасайды. Қанатынан айырылған жапалақ терезе алдына жиі шығып, ұшуға талпынады. Анар көпшіліктің сұрауымен жаралы құсқа арнап жеке парақша ашқан. Қанаты қайырылса да еркіндіктен үмітін үзбеген құстың оқырманы күн санап көбейіп келеді.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит