2029 жылға дейін теміржолдың 5 мың шақырымын жаңғырту көзделіп отыр.

Бүгінде елдегі теміржол желісінің тең жарымы тозған. Бұл пойыздардың жылдамдығы мен қауіпсіздігіне әсер етпей қоймайды. Бұл туралы үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді. Осы ретте құзырлы ведомство басшысы атқарылып жатқан шаруаларды баяндап, мәселелердің шешу жолдарын тоқталды.

«Бүгінде теміржол магистралінің 11 мың шақырымы жөнделіп жатыр. Биыл үш мың шақырымын толыққанды жаңғырту басталған. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, бұл жаңа жол салумен пара пар. Атап айтсақ, алдағы уақытта «Қызылжар – Сексеуіл» учаскесі арқылы 25 пойызға дейін өтетін болады. Қазір 8 пойыздан өтеді екен. Сол сияқты «Қандыағаш – Тобыл» учаскесінің өткізу қабілеті 7 пойыздан 25-ке дейін ұлғаймақ. Бұл жобалар Қазақстанның теміржол каркасын толығымен қалыптастырмақ. Бүгінде Ресей мен Өзбекстанмен шекаралас бекеттердегі өткізу көрсеткіші едәуір үдеген», — деді министр.

Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:

- Мысалы Сарыағаш пунктінде 24 пойыздан 35 пойызға дейін көтерілді. Шілдеден бастап Қытай бағыты бойынша «Достық – Мойынты» желісінде қосымша пойыздар жүрісі басталды. Осылайша теміржол халықаралықпункттерінің мәселесі шешілген. Қазақстан Темір Жолы отандық бизнестің экспорт-импорт сұранысын толығымен орындауға міндетті. Болашақта өткізу қабілетін 296 млн тоннаға жеткізіп, осы көрсеткішті 76 пайызға арттырамыз.

Бүгінде елдегі локомотив саны екі мыңға жуықтаған. 2029 жылға дейін барлығы 456 локомотив сатып алу жоспары бар. Сонымен бірге вагондар паркі 2030 жылға дейін толыққанды жаңартылады. Қазақстан Теміржолы басшысы отырыстан кейінгі брифинте ескі вагондар қолданыстан алынатынын, орнына су жаңа әрі жайлы вагондар іске қосылатынын жеткізді. Осы ретте үкімет басшысы жауапты органдарға тиісті тапсырма берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- 2028 жылы жолаушылар вагондарының паркі 3 мың бірліктен асады, бұл тозығы жеткен вагондарға қатысты проблеманы шешуге мүмкіндік береді. Алайда жеке тасымалдаушылар өз вагондарын жаңартуда қиындықтарға тап болуда. Осы мақсатта ол Көлік министрлігі жеке тасымалдаушыларды қолдау шараларын әзірлеуді тапсырды. Бұл жалпы жолаушылар және жүк тасымалының сапасына оң әсер етеді.

Биыл теміржол арқылы транзит көлемі 33 млн тоннаға жетсе, келер жылы 54 миллионнан асыру көзделіп отыр. Ал 2029 жылдың соңына дейін транзиттік тасымал көлемі 67 млн тоннаға дейін жеткізілмек. Үкімет басшысы Олжас Бектенов теміржол саласын цифрландыруды міндеттеді. Сондай-ақ Өнеркәсіп және Көлік министрліктеріне кәсіпорындармен ұзақмерзімді келісімшарттар жасасып, отандық машина жасау өндірісін кезең-кезеңмен ширату міндетін қойды.

Бақыт Топтаева, Ақылбек Есімсейіт, 24KZ